пятница, 14 августа 2020 г.
Жазу реформасы: емленің «емі» бар!
Серік Ерғали,
педагогика ғылымдарының магистрі, лингвист
Мен ақиқатты меншіктене алмаймын, тек қисындар схемасын ғана ұсына аламын.
Серікбол Қондыбай, мифолог.
Қазақ емлесінің «дерті» кирилше жазуда табыла қойған емес. Емле дертін жауырды жаба тоқып, ілекерлеп келе жатқанымыз рас. Сол себепті жазу реформасы шынында да өзекті. Бірақ... Ал енді жаңа латынша қаріп сол «емле-дерттен» айықтыра ала ма?! Бұл жайындағы тартыс лайық шешімге апара ма, әлде оны бұрынғыдан да өршіте ме? Бұл дау-дамай емес, шындығында дертті емдеу айналасындағы ғылыми талас және ол керек талас-тартыс, онсыз алға баса алмаймыз, сәйкес шешім табыла қоймайды.
Өткен ғасырдың 90-жылдарын ескермегенде, берісі 2006 жылдардан басталған әліпбиді латыншалау науқаны мен шаралары әлі күнге күн тәртібіндегі емле мәселесін шешуге қабылеті барын байқата алмай келеді. Бұған басты себеп: әліпбиді жаңғыртудағы нақты тұжырымның жоқтығынан, болған тұжырым толық ғылыми сараптан өте алмай, әркім өз көзқарасын тұжырымға айналдыруға тырысатындықтан; ақыры жаңа әліпби жасақтау үдерісі оны айналып өтіп, саясиланған тұжырымға маңдай тірегенінен болып жатыр. Бұл – бір.
Екінші назар аударғымыз келетін жайт: басында латынша-26 нұсқасымен қазақы әліпби жасағысы келетіндер, қазақ тілін термекілге/клавиатураға бағындыра жаздағаны; одан кейінгі нұсқалардың нені неге бағындырғысы келетіні болмаса не нәрсеге басымдық беретіні беймәлім болып жатқандығы. Қысқасы, қазақ тілі өзіне тән әліпби мен емлеге ие болу мәселесі барған сайын дау мен таласты өршітіп барады. Жауаптан гөрі сауал молайды. Шешімнен гөрі мәселе ұлғайды.
Бұның арғы жағында не тұр? Біздің ойымызша, бұның астарында – тіл табиғасының мәнін ескермеуден не білмеуден туындаған қатпар-қатпар мәселе жатыр. Мысалға қазақ тіліне әліпби іздегенде басты қағидаға айналған «бір дыбыс – бір таңба» деген тұжырымның өзі тілімізге қажетті қабылет пен қасиетті айшықтайтын дүние ме еді?! - деген күдігі басым күңкілді жоққа шығаруға болмас еді. Агглютинатив сипатты қазақ тіліне сол принцип тән бе? Шын мәнінде бұл принцип бір үнді бірнеше құбылтатын флектив/үншең тілдерге тән қағида. Сонда да қазақ тілі үшін «бір дыбыс – бір таңба» талабы орындалмастан келеді. Дұрысы – орындала алмай келеді. Соның орындалуы міндетті ме еді?! Бұл әсіресе, У мен И дыбыстарына қатысты қазақ жазуының атасы Ахмет Байтұрсынұлы төте жазу әліпбиін түзгеннен бері толық шешімін таппай келе жатқан мәселе.
А.Байтұрсынұлы өзінің төте жазу әліпбиін қалыптастыру барысында бірнеше рет сатылап, жетілдірумен айналысты, емлені барынша нығайту мақсатымен реформаны бірте-бірте жетілдіруге ден қойды. Себебі, арап жазуындағы әріптердің қазақы дауысты дыбысты беруге қабылеті жетіспеді және де тіл табиғатын да, емлесін де ашпады. Сол себепті, әуелде Ахаң әуелі 1912-1922 жылдары «төте жазуда» арапша Е таңбаға қазақтың Ы/І, Е, И/Й бес дыбысын араптың бір таңбасымен беруге мәжбүр еді, яғни басында қазақ емлесі араптың «бір таңба – бірнеше дыбыс» қағидасына бағынуға мәжбүрленді.
1923 жылы А.Байтұрсынұлының ұсынуымен «төте жазуға» реформа жасалып, О/Ө, Ұ/Ү, У (жарты дауысты) дауыстыларды таңбалайтын бір таңбаның орнына тәуелсіз үш бірдей таңба таңылды.Бұл да жетістік еді. Сөйтіп жуан-жіңішкелігі ескерілмесе де, қазақтың басты үш дыбысы егемен болды. Аталмыш қадам - қазақ лингвистикасындағы айтулы оқиғаның бірі. Бұл өзгертімдер А.Байтұрсынұлының белгілі «Тіл-құрал» еңбегінде көрініс тапты.
Қазақ тілінің емлесін алғаш рет ресми реттеу ережесі 1923 жылы 23 наурызда Қазақ-қырғыз Білім комиссиясының №71 қаулысымен қабылданады. Бұл комиссияның төрағасы – Х. Досмұхамедов, мүшелері – М.Жұмабаев пен Ә.Диваев болған. Аталмыш ереже Түркістан республикасы Халық комиссары С.Қожановтың №43 бұйрығымен сол жылы 23 наурыз күні бекітілген.
Алайда, бұл шешім қазақ тілінің бұлжымас емле ережесі болды деуге келмейді. 1940 жылға дейін талай түзетулер орын алған. Атап айтқанда, бүгінге дейін дауы басылмаған Й/И мен У дыбыстарын А.Байтұрсынұлы «Тіл - құрал» еңбегінің 1925-1927 жылдарда бірнеше рет басылған нұсқаларында «жарты дауысты» деп танығанмен, оларды дауыссыздар қатарына жатқызған. Бұл дыбыстарға қатысты талас 1925 жылғы тұңғыш Білімпаздар жиынында қаралып, 11 адам - дауыссыз, 4 адам - дауысты деп дауыс беру нәтижесінде дауыссыздар қатарына жатқызылады. Ал бұларға қатысты ережелер өзгеріссіз қалды.
Ахаң өзінің «Тіл - жұмсар» кітабында Ұ/Ү дыбыстарына «талғауық дыбысшылар» деп баға береді. Өйткені, бұл дыбыстар сөз ішінде орын талғайды, ал түбір сөздердің басында, басқы буында келеді деп көрсетті.
Мына қосар дыбыстарды – ЫЙ/ІЙ, ҰУ/ҮУ бір таңбамен И, У жазуды қазақтың тұңғыш тілбілім профессоры Құдайберген Жұбанов ұсынған еді. Алайда ол іс жүзінде кейінірек І.Кеңесбаев пен М.Балақаевтар тұсында ғана іске асты. Бұл да үндес/сингармо әліпби түзудегі бір қадам болатын.
Қ.Жұбановтың өзі ұсынған сингармо әліпби жасау мәселесін толық шешуге репрессиялық сүргіннен мүмкіндігі болмады. Бірақ бұл мәселе әлі күнге басы ашылмаған күйі қалып отыр. Қазақ тіл білімінде бұл тақырып қозғалмаған күйі өзектелмеген қалпы қалды. Әйтпесе көп мәселеге шешім табылар еді. Себебі неде? Бұған жауапты тағы да сол тілдің жазу табиғасының толық танылмағанынан, тілбілім нысанына айналмағандығынан деп бір қайтара тұралық. Осының кесірінен қазақ тілі өзіне тән, өз табиғасына қажет жазу құрылымын әлі тапқан жоқ!
Алайда, жоғарыда келтірілген бірнеше жылдарды қамтыған ұлы білімпаздарымыздың еңбегі еш емес, керісінше, сол еңбектер арқылы тілдің табиғаты бірте-бірте ашыла түсті. Бірақ, оның төл келбетін советтік лингвистика толық ашуға мүмкіндік бермеді. Өйткені, қазақ тілінің өз келбеті болуын сұрқия саясат қаламады, оған қазақ тілі қайткенде де, орыс тіліне тәуелді болуы керек сценарий жол бермеді. Міне сол қитұрқылық инерциясымен әлі келеміз, соның кесірінен дауға дау, таласқа талас қосып алдық. Бірақ шешімнің қарасы көрінбейді.
Дауы шешілмеген У мен И әріптерімен таңбаланған қосар дыбыстардың әлі күнге тиянақты емлесі бар дей алмаймыз. Ұу/Үу қосар дыбыстарын бір таңбамен У-мен белгілеу машығы шын мәнінде қазақ тілінің төл табиғасынан туындайды. Бірақ сол табиғаны тап басып лингвистикалық қағидамен ашып бере алмағанның кесірінен, бұл прецедент теориялық жағынан басы ашық күйінде қалып, жұрттың көкейіне көп сауал ұялатып отыр. Бұның теориялық әрі практикалық ілімі ашылмағандықтан, қазақ емлесіндегі бұл көріністің қағидасы жұмбақ, ережесі нақтыланбаған. «Бұуұу» сөзін буу түрінде жазу ақтаулы болғанмен, бұл жазбаны «Бүуүу» түрінде де оқуға болады ғой. Сол секілді су,бу,ту сөздерін неліктен сұу, бұу, тұу түрінде оқуымыз керектігін нақтылайтын емле жоқ, прецедентті зорлап сіңірудеміз. Бұны жан-жақтан алуан тілдің түрлі ықпалына қалған жас буын да, тілді үйренуші де сүу,бүу,түу түрінде оқуға қақы тағы бар... Солай етіп те жүр! Басы ашылмаған дүмбілез дүние. Бұл емле тілдегі ерекшелікті аша алмай тұр! Сөйтіп, жазарманы мен оқырманын шатастыратын бірден бір жасанды әрі шикі, бір қайнауы жетіспеген «жартыкеш дауыстылар» қағидасының мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Ал енді Й/И әріптерінің әуселесіне келейік. Бұл таңбалар әріп ретінде қазақтілді ортаны әуелден шатастырып келе жатыр. Қараңыз: жиын,жинақ,жина секілді сөздердің түбірі – «жый» сөзі. «Тиін» сөзінің түбір буыны - «тій». «Тиын» сөзінің түбір буыны – «тый». Екі буынның да жуан-жіңішкелігі әртүрлі бола тұра, бір формант болып тұр: ТИ. «Егер де соңғы буындары жуан/жіңішке болып келсе, И әрпі сәйкесінше жуан ЫЙ, не жіңішке ІЙ қосар дыбыстарын таңбалайды» деген нақты ереже болса, онда бұл сингармо әліпбиінің қағидасы болып шыға келер еді және соған сұранып та тұр! Осындай ый/ій қосар дыбыстардың бір таңбамен жазылуын нақтылайтын тиянақты емле ережесі бар ма? Жоқ! Болса да, жазарманды сендіре алмайды. Яғни алуан ахуалды ажырататын қағида жоқ. Бар болғаны авторитетке негізделген догмаға ұқсас ереже.
Енді мына қайшылыққа назар аударайық. Жуан-жіңішкелігі әртүрлі Ұу/Үу дыбыстарын бір ғана У әрпімен таңбалап келеміз де, дәл сондай формадағы Ый/Ій қосар дыбыстарды өз алдына И әрпімен таңбалаймыз?! Шын мәнінде екеуі де тағдырлас қосар дыбыстар ғой. Бұл не қылған айрықшалық? Бұған да жауап жоқ. Бір ғана Й немесе И әрпімен жазуға болар еді ғой. Сонда әріпті көбейтпей-ақ, жйна, жйі болып немесе жина, жиі түрінде жазылып, басы артық бір И әрпінен құтылар едік.
Ал енді мына қызықты қараңыз: «жый» түбірі секілді «сый» формантынан құралатын сөздердегі қосар дыбыстарды бір емес екі әріппен жазып жүргеніміз қалай? «Сый», «сыйақы», «сыйлық», «сыйтабақ»... Бұларды да неге жина, жиналыс,жинақ секілді «си», «сиақы», «силық», «ситабақ» түрінде жазбасқа?! Оның есесіне «сыйпат» сөзін СИПАТ түрінде жазамыз – логика болсайшы! Әлде С дауыссызының құбылатын бір сыйқыры бар ма?! Қазақ тілбіліміндегі бұндай әртекті қағида мен қайшылықты қандай ережемен де арашалай алмайсың. Мәселе емледегі шешімін таппаған дүниелерде болып тұр!
Енді «бір дыбыс – бір таңба» қағидасына бағындырып, жазу реформасын жүргізуді мақұлдаушы топтардың әрекетіне келейік. Аталмыш қағида агглютинатив/буыншаң сипатты қазақ тіліне емес, орыс тілі секілді флектив тілдерге тән қағида екенін басында атап өткенбіз. Флектив сөздер таңбамен әр дыбысын түгендемесе жазуға да, оқуға да шорқақ. Өйткені, флектив/үншең тілдер үшін сөзөзгерім құбылысы флексилердің сүйемелімен жүзеге асады: флексилер дегеніміз – бойына бірнеше мәнді жинақтаған форманттар. Сөйтіп, флектив тілдер әрбір қыңқ еткен дыбысты дұрыс таңбалауға мәжбүр болады. Соның өзінде ол тілдерде «ит деп жазылып, шошқа деп оқылу» мәселесі сол күйінде шешілместен келе жатыр. Флектив тілдер жазу жүйесіне кіріккен біздің агглютинатив тіліміз де соның жолын құшып келеді: көкөніс деп жазып, көгөнүс деп айтамыз. Орфография мен орпоэфияны «күндес» етіп қойғанбыз. Міне осы қайшылықтан құтылғысы келетіндер «бір дыбыс – бір таңба» принципіне жүгінгісі келеді.
Агглютинатив/буыншаң, жалғамалы қазақ тілі ондай ұсақтықты жаратпайды, өйткені ол бүтін бір буынды не буыншақты/микробуынды бір таңбамен де жазып кетуге кеңпейілді тіл. Бұны 1923 жылғы бекітілген алғашқы ресми емле ережесінің өзі «бір дыбыс – бір таңба» емес, «бірнеше дыбыс – бір таңба» принципімен жазылғанын да аңғарайық.
Бұл ереже үзігінен зерттеуші Е.Маралбек мырза өзінің «Қазақ емле ережелерінің қалыптасу тарихы» мақаласында «Ескерту: мәтін емле ережелері болғандықтан ережелердің нақты сипатын көрсету үшін түп нұсқаға дәлме-дәл транскрипция жасалды» деген маңызды ескертуін құп ала отырып, мына сөздердің сол кездегі жазылуына мән берелік:
- даусты – дауысты
- ноқатсз – ноқатсыз
- қойылб – қойылып
- бұунда – буында
- жазлмайды – жазылмайды
- бұун – буын
- ашқ – ашық
- сөздң – сөздің
- соңнда – соңында
- астнда – астында
- болмағандқтан – болмағандықтан
- әзрге – әзірге
- ұтрлы - ұтырлы
- тк – тік
- әлпбійінен – әліпбиінен
- мұнң – мұның
- үшкл – үшкіл
- қалбты – қалыпты
- бұуыннда – буынында.
Бірінші бағандағы Ақаңның жазуы бүгінгі кирилше жазумен «бір дыбыс – бір таңба» талабына сәйкесе қоймайтын, оның орнына қысаң І/Ы дыбыстарының таңбаланбау үлгісін көріп отырмыз. Бұл шын мәнінде агглютинатив тілге тән жазудың бір көрінісі еді.
Алайда Құдайберген Жұбанов көксеген сингармо әліпбидің емлесіне толық сәйкесе қоймайтын, бірақ үндестік заңының жазу саласында салтанат құра алатын мүмкіндігін әйгілеген тарихи бір сәт болған күйі жарқ етті де жоқ болды. Егер де аталмыш жазу үлгісін одан әрі жетілдіргенде, қағидалау барысында қазақ орфографиясы мен фонемаграфиясының барынша тиімді де оңтайлы шешімі табылар еді. Бірақ тарихи ахуал бізді ондай мүмкіндікке қол жеткізбеді.
Өкінішке қарай, бүгінде жазу арқылы қазақ дыбыстарын түгендеу технологиясын қолға алған ғалымдар қазақ емлесін шұлғаудай шұбалыңқы қалыпқа түсіретінін аңғармай қалып жүр. Агглютинатив тіл үшін «бір дыбыс – бір таңба» принципі жазуды барынша қиындатып, оқуды ежіктеуге мәжбүр ететін орашолақ емлені тудырады. Орфоэпиялық транскрипцияны фонемаграфияға айналдыру тілге ғана емес тілбілім саласына обал. Және де жалғанбалы тілдің жазба сипатын шұбалаңқылыққа айналдыратыны сондай, қазақ тілінің жазба көлемі кемінде 25-30 пайызға ұлғаяды. Бұл жазарманды да шошытады, жазу жұмысы мен шығынының да көлемін енапат етеді. Бұндай жазуы бар тілден тілдік орта тұйыққа тіреледі; жазу мүмкін болмайды; тілдік қауым ондай тілден бас тартады.
Мысалы үшін «бір дыбыс – бір таңба» принципіне бағындырып, тіл білім ғылымының ақсақалы Нұргелді Уәлидің «Орфографияға оңтайлы әліпби керек» атты сұхбатына сүйене отырып, мына сөздерді қарастырайық:
Бүліну – бүлүнүу
Ұрыну – ұрұнұу
Суыну – сұуұнұу
Жылыну – жылынұу
Сұрқия – сұрқыйа
Сусылдық – сұусылдақ
Қиюластыруы - қыйұуластырұуұ
Оңтайлы әліпби орфографияға да емес, орфоэпияға да емес, ең алдымен тілдің үндестік заңын паш ететін және соны орфография мен орфоэпияға қызмет еткізуі қажет!
Буыншаң/агглютинатив тілге тән сингармо/үндес әліпби түзуге бола ма? Болады. Қалайша?! Бұл әліпбимен тілдің үндестік заңына негіздей отырып, қазақ жазбасын 20-25 пайызға қысқартуға мол мүмкіндік бар. Өйткені, қазақ сөздерін сонша пайызға «шұбалтып» жүрген екі дыбыс бар, ол – Ы мен І. Бұл дыбыстар тек қана дауысты дыбыстар емес, сондай-ақ, сөздегі буынды жуандатуға (жіңішкертуге) қатысатын, яғни, Үндестік заңын жүзеге асыратын бірден бір «жасампаз» дыбыстар болып табылады. Бұларға Ұ мен Ү-ні де жатқызуға болады. Олар өзге дауыссыздарға былайша қосарлану арқылы буынды жуандатады не жіңішкертіп, «буыншақ» (микробуын – С.Ерғали) дыбыстар құрайды:
Енді осы заңдылықты мына сөздердің жазылуына қолданып көз жеткізейік:
қы+а+лы+а = қала; кі+ө+ші+е = көше; А+ыл+мы+а+ыт+ы = Алматы;
А+ыл+мы+а+ыт = Алмат; ы+сы+ры+а+ып = ысырап. Мұндағы көше, Алматы, Алмат сөздерін одан әрі қысқарту мүмкін емес, бірақ «ысырап» сөзін қысқартуға болады:ысрап. Өйткені, «ыс» буынынан кейін «ы» дыбысы жазсаң да, жазбасаң да дыбысталады, бұл – үндестік заңының көрінісі және Ы дыбысының кестедегі қасиетінен туындап тұр.
Шын мәнінде флектив тілдердің әліпбиі дыбыстың атауын таңбалап, олардың жазу барысында түрлі дыбыстарды таңбалайды. Сонда «бір дыбыс – бір таңба» принципі формаль түрде қалады. Ал агглютинатив тілдерге әліпби жасау үшін олардың буыншақтарын таңбаласа жеткілікті. Ы мен І дыбыстарының қатысуымен түзілген 62 буыншақты 18 әріппен таңбаласақ, қаншалықты тиімді екенін және оны жазудың мейлінше жеңіл де оңай екеніне көңіл сенеді. Ал бұған Ұ мен Ү дыбыстарынан туындайтын буыншақтарды қоссақ ше?!
Әрине, тілімізді өгей принципке жегіп, әбден үйренген санаға бұл тұрпайы да сенімсіз, қисынсыз, қағидасыз, ерсі көрінеді. Бірақ шын мәнінде атарбаға мотор бекітіп, айдап жүргенімізді өзіміз де байқамаймыз. Аталмыш әліпби нұсқасын ұсынып жариялағанымызда, белгілі фонолог ғалым бұған екі дәйекпен қарсы шықты:
1) жазуда буын болмаса - қалай жазу болмақ, қалай оқылмақ?!
2) бұл жазумен тасымалды қалай жасаймыз?!
1). Біздің бұған айтарымыз: жалпы қазақ тіл білімінде қайта қарайтын жайттар жеткілікті, соның бірі жазуды буындатып таңбалау. Бұл жайт тілді таңбалауды сөздің жасалуындағы аралық компонентке бағындыру болып табылады. Солай етіліп келеді. Сол себепті қазақ тілінің жазылуы ережеден гөрі түйсікке көбірек иек артады. Шын мәнінде жазудағы буынның көрінісі соншалықты өзекті емес, оның оқуға да, жазуға да септігі шамалы.
Жалғанбалы тілді жазуға буыншақтарды негіз етіп таңбалау барынша тиімді, жазу мен оқуға оңай, тілдің таңбалануы үшін оңтайлы. Және де тілдің үндесімі конституциялық заңдама секілді әрбір жазу үдерісінде қатысып отырады және ол қолданушыны адастырмайтын компас секілді.
Агглютинатив жағдайында емле мен фонемаграфиканы морфологияға бағындыру тиімсіз әрі орынсыз. Қазақ тілін жазудағы буынның емес, буыншақтың таңбалануы - жазуға оңтайлы, ал оқылу кезінде буынды ежіктеуден гөрі, буыншақты ежелеу ыңғайлы және шын мәнінде бастауыш сынып оқушысы солай оқиды. Сондықтан жазу үдерісіне буынның қатысы жоқ демекпіз.
2). Кәзіргі техника дамыған дәуірде сөзді тасымалдау мәселесі атымен жоқ. Тасымалдау кезінде соңғы тасымалданатын буынды толық жазып таси беруге болады. Бұндай ұсақ-түйекке бола тілдің басты принципін аяқасты етуге әсте болмас еді.
Мынадай жазу принципі аталмыш мәселелерге тіпті де ат басын бұрмайды:
Алайда, буыншақтағы ы, і үншелері мен дауысталатын ы, і дыбыстарын ажырату қажеттігі туындайды.
Мынадай үш жағдайда ы, і дыбыстарының буыншақтау қасиетінен гөрі дауысты дыбыс екендігі ажыратылады:
1. сөздің басында дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: ішік - ішк;
2. сөздің аяғында дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: ескі - ескі;
3. сөз ортасында келетін тәуелдік жалғауының үшінші жағын білдіретін жалғау ретінде дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: тіліміз – тлімз; еліміз - елімз.
Алайда, бұл тұжырым бойынша кейбір айырықша жағдайларға сәйкес қағида қажет: тілдің - тілдң, тылдың - тылдң, тіліміздің – тілмздң, тырсыл –тырсл; мұндағы буыншақты үншелерді өз әріптерімен таңбалап, сол арқылы сөздің жуан не жіңішкелігін ажырату мүмкіндігін туғызу арқылы жазымы бірдей, жуан-жіңішкелігі әр түрлі сөздерді нақтылауға болады. Бұл тұжырым тілді үндесім заңына қолданушыны мойынсұндырып, оның сақталуын бекіте түседі және ол табиғи төрешінің рөлінде болмақ.
Енді жоғарыда сөз болған мәселеге ат басын қайта бұрайық.Біз сингармо/үндес әліпби заңдылығына таңып, ұсынып отырған жазу нұсқасы, ең алдымен кәзіргі шешімі табылмай отырған мәселелерді оңай шешеді. Орпоэфиялық дыбысталымдар ешбір қайшылықсыз, орфографиямен тайталаспайтындай, ың-шыңсыз жазылады. Яғни кәзіргі «доңыз деп жазып, ит деп айту» мәселесі атымен жойылады.
Аталмыш принциптік тұжырым, сөз басында келтірілген мәселелерді айналып өтіп, шешімін оп-оңай табады әрі олар мәселе болудан қалады. Ең бастысы, біз келтірген үндес/сингармо жазу үлгісі тарихтағы түркілердің басты рухани-мәдени жасампаздық көрінісі болып табылатын руна/ұрын жазуымен принциптес! Тағы бір басты нәрсе: бүгінгі тілдің жазуын қолданушыға грамматика емес - маңызды, тілдің барынша жеңіл әрі оңай,қысқа жазылуы екенін ескерсек, орыстілді ортамыз төл тілімізге қарай жаппай ауысатын нұсқаны үлгі тұтуымыз керек.
Біздің пайымымыз: егер де үндес әліпбидің іргесін қалап, жазу талабын соған көшірсек, емленің де «емі» осы екені сөзсіз.
Подписаться на:
Комментарии (Atom)




