ҚҰРМЕТТІ, АҒАЙЫНДАР!
МЫНАДАЙ БАСТАМА ШЫҒЫП ЖАТЫР, ҚОЛДАУЛАРЫҢЫЗДЫ, АТСАЛЫСУЛАРЫҢЫЗДЫ КҮТЕМІЗ. БӘРІҢІЗ ДЕ АҚСАҚАЛДЫҚ ЖАСҚА КЕЛДІҢІЗДЕР, КЕЛМЕГЕНДЕРІҢІЗ СОНЫҢ ЖОЛЫНДАСЫЗДАР.
БҰЛ ЖОБА - АЛАШТЫ РУХАНИ АЗАТ ЕТУ ЖОБАСЫ.
Бұған түрлі көзқарас болатыны рас, бірақ өткен ғасырды қайтару емес, заманға сәйкесетін жағын алып сіңіру қолдан келеді. Қамқоршылар алқасын жер жерден құрып жатырмыз. Бәрінің жөні мен жосығы әлде де нақты жазылады, айтылады. Әзірге қолдаушыларды анықтаудамыз. Бұған тек қана еркеккіндіктілер емес, ене болып отырған ақжаулықтылар мен келін жұмсаған жеңгелер, қазақ қоғамына жанашыр кез келген тұлғаның қосылғанын қалаймыз.
АРМЫСЫЗДАР, ХАЛАЙЫҚ!
Біздің ғылым да, қоғам да бұған дейін «жеті ата» турасында, оның қадыр-қасиеті мен мазмұны қақында талай әңгімені қозғап келді. Енді бұл тақырыпты қазақ қоғамының аса бір түйткілді әлеуметтік, отбасылық, әулеттік, бабалық деңгейіндегі мәселелерді шешуге түрткі ретінде танып, ұлт болып әрекеттенуге қажет жобаны ұсынбақпыз.
Бүгінде қайбір ұлт та жаһандану үрдісіне ұшырап, ұлттық келбеті мен қадыр-қасиетіне нұқсан келуде. Сол жағдай бізге де таяды: қариялар мен кейуаналар қарттар үйін жағалай бастады, немерелер ата-әжемен өгей тілде сөйлеседі, ұл үйленуге, қыз тұрмысқа шығуға асықпайды,тіпті мыңдаған ұрпағымыз тізесін құшақтаумен өмірден өтуге көндіккен бойы ғұмыр кеше бастады. Ата мен әже бүгінде әулет тәрбиесінің көзі емес, немерелердің әлдишісіне айналды.
Халқымыз бұның бәрін өзінің өмір салтына киелі тәрбие түрінде сіңіріп, ың-шыңсыз шешіп келген еді. Біз егемен ел болғалы сол қалпымызға қайта қарауға мұршамыз болмай, біршама уақыт текке өтіп, бүгінгі уақытқа төтеп пен жауап беретін салауатты салтымызға самарқау қарап келдік.
Жетіаталық Бабалық құрылымды қалпына келтіру жобасын әзірлеу барысында біршама жайттар ғылыми тұрғыдан зерделенді, зерттелді. Осылайша, Жеті ата құрылымын қалпына келтірумен біз ата-ене, абысын-жеңге қатынастарын сыналап жаңғырту арқылы қоғамды дендеген біршама дерттен айығуға мұршамыз бар екеніне көз жетті.
Бабалық институт деп отырғанымыз - одүниелік болған шалдардың тізімін балдарға жаттату емес, көпті көрген ер азамат пен талай ұрпақты дүниеге келтіріп, келін түсіріп, қыз ұзатқан аналардың қоғамдағы, туысқандар ортасындағы орны мен абыройын айқындау және оны ұлы рухани әлеует ретінде іске қосу.
Ұлтымыздың рухани ағзасын құрайтын нағыз жасуша осы Бабалар құрылымы екенін ұмытыппыз. Енді соны ел болып, жұрт болып, ұлт болып, мемлекет болып қалпына келтіріп, адамзатқа үлгі көрсетуіміз қажет. Бүгінгі адамдық мұрсатты аяқ-асты еткен заманға төтеп беретін бірден бір азаматтық құрылым қазақтың осы институты екенін әуелі өзіміз сезінуіміз қажет.
Ұлтты рухани апаттан құтқарудың бір тетігі әулеттік-туыстық деңгейдегі ЖЕТІ АТА бірлестігі. Әрбір жанұя өзінің тегі мен туыстығын бір бабадан таратып, ұжымдаса келіп, әлеуметтік-рухани мәселені бірлесіп шешуге жұмылса ғана, түйткіл мен тұйыққа тірелген бүгінгі әулеттік-әлеуметтік мәселеміз шешімін табар еді.
Әрине ХХІ ғасырдағы қазақты, халқымыздың ұлттық танымы мен дәстүрінің мәйегі бұзылмаған бұрынғы дәуірге қайтара алмаймыз.Алайда, Бабалық институттың ру мен тайпаны әспеттеп, ұлтты жікке бөлетін кертартпа құрылымға айналуынан абай болған дұрыс. Кейбір рулық не тайпалық шовинизммен ауыруды доғарып, ол тақырыптың бәрін тарих пен тарихшыларға қалдырып, заман талабына сай келетін құрылыммен ғана алға басуымыз қажет. Саясаттың салтағынан ада бұл азаматтық бастама ұрпақтар мен буындар арасын жалғастыратын алтын арқау болуы тиіс!
Жеті аталық құрылым қазаққа не береді? Ата буынды өз төріне қондырады, аға буынды біріктіреді, бала буынды жөнге салады; абысын-ажынның татулығын, ене мен келіннің бірлігін, бауырлардың ынтымағын арттырады; сарсаңға түскен салтымыз бен дәстүрімізді қалпына келтіреді.Әлсіреген әлеуметтік ахуалды бірігіп шешуге жұмылдырады. Ұрымдағы ұл мен Қырымдағы қыздың байланысын күшейтеді, туған жерді түлетуге алаңдатады!
Қазіргі кезде нақты жоспар жасалып, тұжырымдама әзірленуде. Бабалық құрылымның кодексі жасалмақ. Бұл құрылым арқылы қазақ отбасының қашқан құтын қайтарып, берекесін келтіру басты нәтиже, сонымен бірге ұрпақтың жаны мен қан тазалығын қамтамасыз ету де осы ұлттық ұяның ұлағаты болмақ.
Ұлт пен ұрпақтың болашағына алаңдайтын әрбір азамат, әрбір ана осы аяулы да ауыр міндеттің қамқоршысы болуын қалаймыз. Тәңір жарылқап, Алла қаласа, бұл құрылымды біртұтас ізгі азаматтық қозғалысқа айналдыру игі міндетіміз болмақ.
Сіздерден қолдау күтеміз.
«Жеті ата» жобасының алқасы
7atababalyq@gmail.com
Комментариев нет:
Отправить комментарий