воскресенье, 13 сентября 2020 г.
«КҮН-АУЫЛ» агломерациясының тұжырымы
Ұлттық жоба
Аңдату
Советтік ауылдар қазақстандық ауылдық-өңірлік агломерацияның негізін қалаған еді. Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығы толығымен қалыптасып, аграрлық елдің басты әлеуметтік-ауылшаруашылық бесігіне айналып үлгерген-ді. Соның нәтижесінде қазақ ұлты демографиялық жағынан өз саны мен сапасын біркелкі деңгейде, кей жағдайда даму сатысына шығарған-ды.
Советтік ауыл үш тараптан тұратын құрылыммен ұсталды: ауылдық кеңес – билік көзі, парторг – идеология көзі, совхоз-колхоз – шаруашылық көзі. Осы үштаған тарихи өзін ақтаған агломерациялық келбетін тұтастырған құрылымдар еді. Қазақстанның егеменді алуы жағдайында бұл мемлекеттік іргетасқа назар аударылған жоқ, бұны сақтаудың қаншама мүмкіндігі мен бастамасы жасалса да, ауылдық мекендерді елді капитализмдендіруге кедергі мұсалдат құрылым ретінде аталған әлеуеттер мен ресурстар тәрк етілді, оларды жаңа жағдайға бейімдеу мен дамыту жеткілікті қолға алынбады, үлгісі жасалмады.
Қазақстанның бүгінгі ауылдық келбеті мен тұрпаты замани талапқа сай тұжырымдалмаған. Соның кесірінен ауылдың бүгінгі ахуалы мүлдем керағар және уақыт өткен сайын ауылдық мазмұн мен форма жойыла түсуде. Бүгінгі тұрпаты қанағаттанарлықтай әрі мәселені түпкілікті шешетіндей емес.
Жалпы ел егемен болғалы ауылдық мекендер мұсалдат әрі шығын көзі ретінде, біржақты түрде нарыққа икемсіз әлеуметтік бөлініс есебінде қаралып, ұсақ ауылдарды жаппай жабу қолға алынды. Бұның салдарынан ауылдық әлеуметтік босқындық үдерісі туындап, олардың тұрғындары жаппай қала типті кенттер мен қалаларға қоныстанды. Ауыл тұрғындары психологиялық-әлеуметтік дағдарыс пен тұйыққа тірелген жағдайларды бастан кешті. Бұл үдеріс «қызыл» Қазақстан жағдайындағы малшы қазақтарды зорлап отырықтандыру секілді тағы бір тұрпайы да халыққа жағымсыз науқан болды. Бұл жолы енді жаппай отырықтандырудың орнын жаппай қалалықтандыру басты.
Соның кесірінен бұрынғы өз әлеуетін өзіне жұмсап, әлеуметін тиянақты дамытумен келген қалаларға әлеуметтік күш түсті, әлеуметтік босқындық мыңдаған әлжуаз жанұялар мен азаматтардың ахуалын құлдыратты. Орта-ұсақ ауылдар жойылу кесірінен дамыған қалалар дамушылық жолға шегінді. Оларға шамадан тыс әлеуметтік күш түсті.
Әлеуметтік бұл босқындықты «урбанизациялық үдеріс» ретінде мойындау мәселенің себебін бүркеуге жол берді. Ел бюджетін миллиардтаған қаржылар қалалардың дамуына емес, әлеуметтік босқындық мәселесін шешуге мәжбүр етті. Оның есесіне ауылдарды жоймай, оларға түрлі мемлекеттік қолдау мен дамыту бағдарламасы жасалмады, жасалғаны қаржылық жағынан талан-тараж болды. Бүгінгі қазақ ауылы амалсыздан күн көретін мекендерге айналды.
Осы айтылғандар мен басқа да факторларды ескеріп, ауылдық мекендер мен тұрғындарды жаңа жағдайға көшіретін әрі даму сатысына көтеретін, қордаланған мәселені түпкілікті шешуге жеткізетін жаңа тұрпаттағы ауыл үлгісін мемлекеттік тұрғыдан қолға алу керек. Оның шынайы мазмұны – ауылдық агломерация, дәлірегі ұсақ ауылдардан біріктірілген іріленген ауылдық мекендер. Бұл агломерацияның басты бағыты – ауылдық тұрғындарға жайлы мекендер жасақтау, әлеуметтік мәселені өз бетімен шешуге бейім қауымды қалыптастыру, ауыл шаруашылығын барынша тиімді дамытуға, жер ресурсын мейлінше әділ әрі нәтижелі шаруашылық көзі етуге бейімдеу. Бұлар минимал мақсат та, максимал мақсат – ауылдық агломерация әлеуметтік мәселелердің шешілу инстанциясы болуы керек.
Аталмыш жобаны барынша түсінікті түрде елестету үшін оларды жіктеп қысқаша сипаттау түрінде жария етеміз.
І. Ауылдың дамымауынан қандай кесел бар:
1. Табиғи халық өсімі кемиді;
2. Әлемдік сұранысқа ие табиғи азық түрлерінің орнын жасанды азық әзірлеу өнеркәсібі басады;
3. Ауылдық атакәсіп дағдарады,жойылады;
4. Ұлттық құндылықтар маңызы мен мазмұны тұйыққа тіреледі;
5. Ұлттық генофон әлсірейді;
6. Ұлттық демографиялық сан мен сапа әлсірейді;
7. Әлеуметтік жағдай ушыға түседі;
8. Ұлттық мәдениет пен өнер көзі бітеледі, даму сатысы құлдырайды.
ІІ. Ауылды сақтаудың қажеттігі қандай:
1. Ауылдық мекенді әлеуметтік ахуалды шешу көзі болуының ықтималдығы;
2. Ауылдық туризм мен атакәсіпті сақтау, дамыту ықтималдығы;
3. Ауыл шаруашылығының интенсивтік даму мүмкіндігінің болуы;
4. Ауылдық агломерация ауылшаруашылық өнеркәсібінің ошағы мүмкіндігі;
5. Ауылдық жұмыс орындарын ашу мүмкіндігінің зор екендігі;
6. Ауылдық агломерацияның әлеуметтік әлжуаз топтарды топтастыра отырып, мәселелерін барынша тиімді түрде шешу ықтималдығы;
7. Ауылдың ұлттық мәдени бесік болуға ықтималдығы;
8. Агломерацияның демографиялық дүмпуге зор үлес қосу ықтималдығы.
9. Шетелдік қазақтарды елге тарту мәселесінің сырқаусыз шешілуіне үлес қосу мүмкіндігі;
10. Агломерацияның қазақ ұлтының құндылығы есебінен қазақстандық ұлттың жымдасу мен дау-жанжалсыз өмір кешуге жол ашу мүмкіндігі;
11. Агломерация ел халқының кемінде 40 пайызының өміріне тікелей қатысты және ауыл шаруашылығының жаңа тұрпатын орнықтыруға арналған.
ІІІ. «Күн-Ауыл» агломерациясының қысқаша сипаты:
• ауылда кемінде 3 мың – 10 мың /500-2000 жанұя/ тұрғын тұрады;
• әлеуметтік әлжуаз топтардың (көпбалалы аналар, жартылай жанұялар, мүмкіндігі шектеулі жандардың) тұруға мүмкіндік пен оларға тиісінше жағдай, жұмыс орындары ашылады;
• жетім жастардың аяққа тұруына алғышарт жасалады: үй, жайлы жатақхана, жұмыс, мәдениет пен өнер, спорт кешендері;
• атакәсіпті сақтау мен дамыту бағыттарына басым назар аударылады;
• агломерацияға тән коммуналдық шаруашылықтар кешені орнатылады: су, кәріз, орталық жылу мен қуат;
• агломерация іштестірілген 4 аймаққа жіктеліп жасақталады:
тұрғын алабы – «Күн-алап»;
орман-тоғай, бау-бақша, саяжай аймағы – «Күн- шапақ»;
өнеркәсіп аймағы: мал бордақылау, қасапхана, диірмен, элеватор, ауыл өнімдерінің цехтары, т.т. – «Күн қызуы»
мал жайылымы, егіс алқабы – «Күн жылуы»
• әкімдер сайланады;
• ауылдық мәслихатты электорат жасақтайды;
• муниципалитет/ауылдық меншік орнығады;
• ауылдың мемлекеттік тұрғыда заңмен/жарлықпен бекітілген ережесі болады.
ІҮ. Шаруашылық меншік түрлері:
жекеменшік;
мемлекеттік меншік;
аралас меншік;
ұжымдық меншік.
Ү. «Күн-Ауылдың» қаржылануы:
бюджеттен;
коммерциялық тараптан;
краундфандинг түрінде;
коммерциялық емес тараптан.
ҮІ. «Күн-Ауыл» жобасының жүзеге асыру.
Бұл жоба үшін арнайы Ауыл министрлігі құрылуы тиіс
Жобаның мемлекеттік операторы – Ауыл министрлігі
Жобаның нобайы «Elsana Amanat» қоғамдық қорының
күшімен әзірлену үстінде
Подписаться на:
Комментарии к сообщению (Atom)


Комментариев нет:
Отправить комментарий