воскресенье, 29 марта 2020 г.

"ҚАЛАУЛЫМ" - ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ "ҚАЛАУЛЫ" ӨНІМІ


"ҚАЛАУЛЫМ" - ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ "ҚАЛАУЛЫ" ӨНІМІ Шынын айтсам, өзім журналист болғандықтан емес, өнбейтін іске барғым келмейді. Соның бірі - "Қалаулымды" жаптыру мәселесі. Неге өнбейді? Өйткені, "қалаулым" бітсе, басқа әлеулім шығады. Осыны біле тұра, желдиірменмен алысқым жоқ. Десем де, өкіл анам Сәуле Мешітбайқызы (Saule Meshitbayqyzy) өтінгесін, осыған амалсыз қалам тартып отырмын. 1. Өз басым ток-шоумен тікелей Евразия арнасында жолықтым, бір ток-шоуды басқардым. Сол кезде байқағаным, бұл жанр - таза капиталистік ойнақы, әлеуметтік мәселені ойынға айналдыра отырып, қоғамның талқысына салған болып, төменгі топтарға талғажау етілетін тақырыптарға арналған, ал телеарналар үшін басты қоректің көзі екен. Алайда, біз өзімізше бұл дәстүрді бұзыңқырап көрпені өзімізге қарай тарттық. Талқыланған 300 тақырыптың ішіне ұлттық құндылықты дәріптеуді тықпаладық. Omar Jaleluly секілді айтармандарды халыққа кеңінен таныстырып, танымал етуді астыртын мақсат еттік. Оның жемісі де бар. Бірақ... 2. Бірақ бұл таланымыз тар болып шықты. Біз ұлттық мәселеге ат басын тіреген сайын рейтингіміз "құлдырайтынын" байқадық. Оған өтірік рейтинг беретін тараптың да, көрерменнің де үлесі бар. Мәселесі шешілмейтін тақырыпты халыққа көрсете бергеннен оның жиірекенішінен өзге ештеңе үстей алмасымызды сол кезде аңдағам. Оның үстіне мәскеулік продюссура біздің пиғылымызды микроскоппен қарап отыратын. Тіпті, асыл әншіміз Батырхан Шөкеновтің қайтқанына орай шұғыл түсіруге Мәскеуден алдырған Арман Дәулетияровты да түсірім алаңына жібермей, ақыры ұлтшыл азаматымыздың аддында қарабет болған да кезіміз болған. Бұның бәрін не үшін айтып отырмын: қазақ телеарнасы - күң! Ерікті емес! Әсіресе жеке телеарналардың күні сол. Оларды қаржы табудың шұлғауына айналдырғанына қазақ қоғамының жетіп отырған көзі жоқ. Ақыры бізді командамызбен қуып таратты. Орнын күлді-бадам нұсқа келіп, көп ұзамай ол жабылды. Міне ақыры айы оңынан туған "Қалаулым" сол кезде пайда болды! 3. Евразия телеарнасы сол кезде елдегі жарнамадан пайда табатын ең табысшыл арна болатын. Бірақ табыстың дені құрылтайшылар мен ресейлік басшылардың құзырында. Әйтпесе олар бұнда келіп жындары бар ма? Міне сол себептен Қалаулым іздегенге сұраған болатын: ол ұлттық құндылықты дәріптейтін, іздейтін емес, керісінше соның қалқасында пайда табуға лайық өнім. Оның үстіне кешіріңіз, көрерменнің 70-80 пайызы тобырлық талғамның деңгейінде қалған, оны сол күйге соңғы ондаған жылдар бойы "тәрбиеледік", икемдедік. Тіпті шал-шауқанға дейін соған тесілетіні рас. Себебі, адам психологиясы сондай шынайы, айқай-сүреңі бар, жалықтырмайтын, оқиғасы ушығыңқы жайттарға құмар. Бұл адам-пенденің көпшілігіне тән. Ток-шоу осы психологияға арналып, рейтинг көрсетімдерін балалататын тапсырыспен жасалады! 4. Қалаулымның ұлттық талғам мен тәлімге қайшы екенін аңдап, оны түзейтін заңды немесе әкімшілік ресурс жоқ. Әлгінде айттым, бізді неге қуғанын, оған сол кездегі тікелей мүдделі болған президент аппаратындағы идеологтар еді. Оның бірқатары кәзір шпион болып түрмеде отыр. Ал енді қолда бар ұлттық арналар "Қалаулымдарға" бәсеке болатындай өнім жасаса, оған ешкім қой демес.Бірақ ол бюджеттен бөлінетін тиын-тебенге өкпесі өшіп жолда қалатын талай шала-жансар көрсетімдердің бірі болары сөзсіз. Солай болып та жатыр. Ал байыпты, байсалды дүниелер "Қалаулым"секілді оспадар өніммен бәсекелесе алмайды. Оны жұрт олай құмартып қарамайды. Зорлап қораға, бүгінде ешкімді қамай алмайсың! Бірақ ұлттық иммунитет пен рухани антибиотик керек, әрі оны істеуге болады. Ол үшін барынша ұлтшыл әрі маман, әрі кәсіпқой телеарнашылар жеткіліксіз. Дәл сондай билік керек!
Сонда заңның бір ғана бабымен шешуге болады. Алайда, тыйым салумен ұлттық құндылықты құтқара алмаймыз. Ол - қарабайыр шараның бірі ғана. Оны ұсынушылар да мәселені қарабайыр түрде ұғатындар. Тағы да айтамыз, бүгінгі жаһанданған жағдайда, тыйым салу дегенің короновирустың жұқпалы жағдайы іспетті. "Қалаулымды" жауып, әлеуліммен табысамыз. 5. "Қалаулым" бүгінде балалап жатыр екен. Бұрын тек Евразия арнасында болса, бүгінде ол "Қалауым сен" деген сауатсыз атаумен (дұрысы:Қалауым - сен) аталатын НТКда да бар екен. Демек, қоғамның "қалаушыларға" сұранысы жойқын деген сөз. Оны жапқанмен, ертең жұмыссыз қалған сол журналистер мен продюссерлер оны интернеттен ашып алады. Демек, мәселеге қарабайыр қарап шешуді доғару керек. Қоғамдағы бұндай мәселе мен ұлттық құндылықты жоқтайтын мемлекеттік жүйе орнамайынша, таққа халықтық билік келмейінше ештеңе өнбейді! Тіпті, жарлықпен (бұл заңға қайшы) Тоқаев "Қалаулым" атаулыны жауып, 1 айға жететін ұпай алса да ештеңе өнбейді! Мәселе елде ұлттық құндылықты жоқтап, оны орнына қоятын жүйенің жоқтығында. Қоғамға рухани коронавирусты қаптатып жатқан "Қалаулым"секілді телеөнімдер емес, олар - бар болғаны сол індеттің көрінісі, нәтижесі ғана, салдары! Ал себеппен кім күреседі?
Қалай күреседі? Мәселе сонда!!! "ҚАЛАУЛЫМ" - ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ "ҚАЛАҒАН" ӨНІМІ. ОЛАЙ БОЛМАСА РЕЙТИНГ ЖОҒАРЫ БОЛМАС ЕДІ. Бұл - қазақ қоғамының соңғы 30 жылдағы қалыптасқан талғамының көрінісі! Сол талғам көзделді, соған қол жетті. Билік үшін де халыққа арналған сондай "емізік" пен "сағыз" керек. Халықты алдандыратын емізік-өнім керек! Ауыр болса да, жеңіл болса да шындық - осы!

четверг, 27 февраля 2020 г.

Жолтерек – өмір өзегі


С.Ерғали, мәдениеттанушы Әу баста Наурыз мейрамы жалпыадамзаттық құндылыққа негізделген, тео-мифологиялық танымдарға қаныққан мереке болатын. Оның бірнеше мыңжылдық тарихи жолы талай идеологиялық және танымдық сипаттардан өтіп, ақыры совет өкіметі тұсында мейрам ретіндегі құндылығын жойғаны рас. Алайда, наурыздық танымды қалпына келтіретін конструкцияға иек арту үшін соңғы санаулы ғасырлардағы қазақы таныммен, этнографиямен шектелу жеткіліксіз. Сондықтан да біз қазақ халқының бүгінгі танымына сіңген, алайда бірнеше мыңжылдықтарға барып тірелетін сіңісті этносипаттарды қотарыстыруға мәжбүрміз, қажет болса, оны қалпына келтіріп, бүгінгі заманға лайықтап ұсынуға тиіспіз. Қазақ танымындағы Өмір ағашының түрлі мән мен мағынада болғанына тоқтала отырып, оның басты мифологиялық сипатын ашуды мақсат еттік. Бұл космогониялық құндылық қазақ фольклорында бәйтеректің сипаты арқылы жеткілікті көрініс тапқан. БӘЙТЕРЕК – ғаламдық конструкция Алтайлық Маадай-Қара жырында Бәйтеректің сипатын белгілі фольклортанушы Е.Д.Тұрсынов: «Байтерек имеет золотые листья на солнечной стороне и серебряные – на лунной. На вершине его сидят две кукушки, которые знают, кому какой век предопределен, кому доведется быть счастливым, кому – несчастным. Ниже расположены два беркута, а у основания ствола – две собаки, стерегующие покой обитателей среднего мира. Иногда мировое дерево ассоцируется с коновязью...» - деп сипаттайды. Бұл сипатқа қарағанда бәйтерек Жаратқанның тікелей қарауындағы ғаламдық құрылымның рөлінде. Яғни осы басты ғаламдық қасиетті ағаш арқылы ниет пен тілекті жіберу арқылы тағдырға өзгеріс енгізу мүмкіндігі байқалады.
БӘЙТЕРЕК - өмір жолы Бәйтерек – түркілік танымдағы үшбелдеулі кеңісті қамтыған ғаламдық өзек, басты үдерістің бәрі соның бойында, маңында орын алады. Бәйтерек – ғаламдық ауқымдағы өмір жолы. Бәйтерек туралы белгілі қазақ аңызы Уақыт пен Кеңістікті және Жер мен Көкті қосатын ғаламдық өзекті паш етеді. Бұл мифтің мазмұны былай: айдалада жер мен көкті тіреген алып бәйтерек тұр. Оның басына келіп Асыл құс самұрық алтын жұмыртқа туып кетеді-міс. Оның бәйтеректің түбін мекендейтін айдаһар жұтып тұрады екен, ақыры оны бір батыр келіп басын шауып өлтіріп, алтын жұмыртқаны құтқарады. Мұндағы айдаһардың самұрық тапқан жұмыртқаны жұтуы – Уақыттың адам ғұмырын мүжуі болып табылады; Бәйтерек – өмір кеңістігі, ғаламдық өзек/ось; Самұрық/Асыл құс - адамның арманы, аңсары; айдаһармен алысып жеңетін батыр – адамның күш-жігері, еңбегі, қажыры мен қайраты. Бұл мифтік аңыз арқылы космогониялық ғұмырдың үдерісі бейнеленген.
ШОҚТЕРЕК – рухтар жолы Алтай өңірінен табылып,Санкт-Петербург Эрмитажындағы І Петрдің Сібір жыйдасында/коллекция сақталған (кейбір сілтемелер Тыва еліндегі Хандар ойпатының Аржаан үйігі/курган деп көрсетеді) ежелгі сақтардың мұрасы саналатын «Шоқтерек түбіндегі аттылар» (ж.с.д. ІҮ-ІІІ ғ.) атты мына алтын доға композициясында үш адам бейнеленген. Сол жақта шошақ бөрікті/сәукелелі қыз бен оң жақта қос ат тізгінін ұстаған мұртты кісінің алдында ұзынынан сұлаған мұртты ер кісі жатыр. Бәйтеректе қорамсақ ілулі. Бұл композицияны орыстың белгілі археологы М.П.Грязнов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының алтай халқы арасына тараған нұсқасына тән сюжет деп таниды. Алтайлық дастан бойынша Қозын-Еркеш (Қозы Көрпеш) шоқтерек түбінде жауының қолынан қаза табады. Оның жары Байым-сур (Баян сұлу) мен Қозының туысы Бачикай-Қара Еркешті тірілтуге барлық ем-дом, амалды жасап, оның жанын қайтарады... Бұл көріністегі шоқтерек - мықан (өмір) ағашының бір сипатын аңғартады. Яки адам өлгенде оның жаны осы жолмен, яғни шоқтеректің бойымен Көкке кетеді-міс деген сенім бар. Ауырып жаны қайта қонса да осы жолмен қайтады-мыс. Сұлап жатқан адамның ағаш түбінде жайғасуы да оның жанының адаспай терек бойымен Көкке кетуін болмаса оның аман қалуын тілеуге мүмкіндік барын білдіреді.
ЙОЛ – қос дүние арасындағы қозғалыс жолы Белгілі фольклортанушы Е.Д.Тұрсынов ( «Древнетюркский фольклор: истоки и становление», «Дайк-пресс», 2001) түркілік танымға сүйене отырып, былайша сыйпаттайды: «... средний мир (мир человека) предстает неким связующим звеном между верхним и нижним мирами, ибо души людей находятся и в верхнем мире, помогая живым людям (это аруахи – духи предков, помогающие своим потомкам, живущим в среднем мире), и в то же самое время в нижнем мире, куда спускаются души умерших злых людей, черных шаманов, людей погибших насильственной смертью и не погребенных и т.д.» Кроме того, души неродившихся людей также находятся в мире мертвых, ибо живые – это воплощение ранее умерших, совершающих извечный кругооворот, рождаясь, умирая и возвращаясь к живым. В то же самое время души неродившихся людей обитают и в верхнем мире, откуда они по ветвям мирового дерева спускаются и входят в утробы женщин, беременеющих после этого...» Бұл түсіндірім бойынша, жолға айналған терек/дарақ адамның екі дүние арасындағы қатынас жолы есебінде де мойындалып, барлық өмірлік басты қозғалыс осы Жолтерек арқылы жүретіндігі талай туындыға арқау болған. «Бақсы» сөзінің өзі осы жолды бағушы дегенді білдіреді және бақсылар өздерін «жол ұстаушылармыз» деп есептейді. Бұл міндетті олар жолтерек бойындағы қозғалысты бақылау міндеті болғандықтан атқарады. Бұны ертеде «йол»/жол атаған.
БӘЙТЕРЕК – Жаратушының жан беру жолы Мифолог Серікбол Қондыбай («Қазақ даласы және герман тәңірлері», Алматы, «Сага» баспасы, 2006 ж): «Қашаған фольклортанушыларға белгісіз болып қалған көне аңыз-жырлармен таныс болған, «Адай тегі» дастанын жырлағанда да, ол өзіне таныс беймәлім мифтік модельді пайдаланған» - дейді. Сол дастанда: Бәйтерегі өрлеген, Бұтағы бұлтқа сермеген. Ағаш жоқ,сірә,бұлардай Қайың, терек,тал емес Шегіршін, жөке тағы емес Атағы тартқан құмардай. Көлеңкесі күндіз мұнардай, Жарығы жанған шынардай. Жапырағы жазық айнадай, Сымбаты сұлу найзадай. Сағасы жүзім, алмадай Иісі жұпар қамбардай. Жапырағының күн беті, Алтын шайған бағдардай. Саясында тұрған кісінің Мейірі сусыз қанғандай...» - деген сурет бар. Осы ағаш түбінде Ханбибі қыз күн сәулесінен (нұрдан) жүкті болады. Мұндағы Күн-тәңір Жаратушы кейпі де, Нұр-тәңір оның ұшқыны, ұлы. Бұл жырда бәйтерек Жаратқаннан жатырға түсетін жан ұшқынының жолы (йол) рөлінде әспеттелген. Демек, Жолтерек – Жаратушы мен ана жатырын жалғаушы құрылым, жан тудырушы жол.
БӘЙТЕРЕК бақсы атрибутында Бақсы даңғырасының дөңгелек жүзін ғаламдық біртұтас үй іспетті қабылдауға болады: оның қақ ортасын ала тігіңкі бағыттағы найзаға (жебе) ұқсас түзу сызық астыңғы жағында жартылай күмбез түрінде одүние әлемін, ал «найзаның ұшы» енген үстіңгі шеңбер - аспан әлемін білдірсе, бұл екі арадағы «найза-бәйтеректің» бойы ортаңғы адамзат әлемін бейнелеген. Мұндағы найза, тағы да сол – бәйтерек, ғаламдық ось.
ЖОЛТЕРЕК – тілек тасушы Жолтеректің рөлін бүгінде ежелгі тәңірлік танымды христиандық құндылыққа айналдырған халықтарда жаңажылдық шырша есебінде қолданыста. Оны түркілік «йол», яғни «жол» сөзімен атап, орыс тілінде «ка» жалғауымен «ёлка» (йолка) деп жүр. Демек, арнайы ғұрып кезінде жолтерек адам мен Көктің арасындағы тілектің, қарым-қатынастың жолы ретінде қызмет атқарғандығына куәміз. Ендеше бәйтерек бүгінгіше айтқанда - ғаламдық ақпарат жолы.
ЖОЛТЕРЕК - этноқұндылық Жолтерексіз қазақ тұрмысын елестету мүмкін емес. Қазақтың басты тұрағы – орда үй шаңырағы тек қана арнайы жасалған бақанмен көтеріледі және ол бақан үйдің ішінде шаңыраққа тіреліп, Көк пен Жерді байланыстырып тұрады. Киізі жабылмаған орда үй көз алдымызға еріксіз түрде әдемі безендірілген бәйтеректі елестетеді. Кейде ол кереге басына көлденең қойылып, «адалбақан» рөлін атқарады. Мұндағы «адалбақан» ұғымы ислам дінінің тыйымына икемделіп, жаңа сипат алған жолтерек болып табылады. Өйткені, адалбақанға әдетте той-садақаға арналған киім-кешек пен мата-жыртыстар ілінеді. Адал болатын себебі, сол жоралғылық нәрселер Көктен келетін таза энергия сіңіп, адалдығы артады-мыс деген исламдық талапқа қызмет етіп тұр. Сондай-ақ, киізүйдегі киімілгіш те жолтерек қызметін атқарады, оның әрбір ілгіші әлгі Маадай-Қара жырындағы көкек құстың бейнесі дерлік және ол үйдің уығына не шаңырағына тіреледі. Әдетте қазақ әйел босанғанда көлденең тұрған бақанға сүйеніп, толғатқан, бұнысы – бақанның тігінен емес, көлденеңінен жайғастырылып, жаңа туатын нәресте жанының Көкке кетіп қалмайтындай, яғни тік емес көлденең бағыт болуын қадағалаған танымда жатыр.
Сондай-ақ, жолтерек - сақа халқының жаңа жылы есептелетін Ысыах-Олонхо мерекесінің басты атрибуты. Олар мұны «аал луук мас» - алып ұлы ағаш атайды. ЖОЛТЕРЕК мектептің наурыздық салтанатында Астана қаласының №56 мектеп-лицейі 2009 жылдан бері сыныптық және жалпымектептік наурыз шараларына жолтеректі орнатып мерекелеу - әбден сіңісті болған жайт. Олар арнайы түрде реконструкциялық жолмен нағыз әшекейге айналдыра қолдануда.

воскресенье, 9 февраля 2020 г.

«АМАЛ» ҺӘМ ЖЫЛ БАСЫ


Серік Ерғали, мәдениеттанушы Астрономиялық «Амал» Аспан қозғалысын бақылау бірнеше мыңжылдықты қамтитын ілім. Сол ілім бойынша Күн жүйесіне кіретін 12 шоқжұлдызды/зодиак Күн жарықтық жыл бойына «аралап» өтеді. Шамасы, Жердің осы шоқжұлдыздарға қатысынан мүшелдік цикл қалыптасып, ғылыми ілімнен этнотанымға ұласса керек. Ежелгі аспан денелерінің шығыстық атаулары айуандарға қатысты болуы бұл салаға ежелгі дейтүркілік (Серікбол Қондыбай термині) құндылықтың қатысын
әйгілейді.Себебі, ескі дәуірден үзілмей келе жатқан аңшылық/малшылық өмір үлгісі тек қана түркітектілерге тән екенін жоққа шығару қиынның қиыны. Аспандық үдерістер бойынша бұл күндері Амал жұлдызы мен Күн бір түзудің бойына шығып, Жерден қарағанда беттесіп тұрғандай әсер етсе керек. Және де осы жайт қыстың кетіп, жазғытұрғы үдерісті бастайтын ғарыштық түрткі болып табылмақ. Сол себептен де қысы қатал далалық аттылы түркілер үшін бұл үдеріс қыспен бірге ескі жылмен де қоштасу болып табылған. Яғни, Амал мен Күннің «қауышуы» далалықтардың да ежелгі көкірек түйістіру дәстүрінің туындауына түрткі болған. Алайда, салттың бұлайша қарабайыр қалыптасуы мүмкін емес, оған міндетті түрде іргелі таным негіз болады.
Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы Наурыз айынан басталады. Суретте Шоқан Амал жұлдызына Күн жүйесінің жолығуын бейнелеген. Сөйтіп,Наурыз айы туғанда, яғни бүгінгі Григорианша – 14 наурыз (ескіше, Юлианша – 1 наурыз) Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал жұлдызына беттеп, «көріседі» де, соның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады: тоқсан күн қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 14 (1 - ескіше) наурыз – түркілік мүшел шеңберінің жігі, Көктемнің, жылтоқсанның әрі мүшелдік жылдың басы. Қазақы танымның бір ұшы жылдық мезгілдерді төрт тоқсанға бөледі: жылтоқсан (су дүлейі, «жылға» сөзінің түбірінен), оттоқсан (А.Сейдімбекте – жазтоқсан, от дүлейі), күзтоқсан (жер бетін топыраққа қызмет етіп күзеледі), желтоқсан (ауа дүлейі). Елдің ортаңғы аймағында да қазақтар Наурыз мейрамын Күн мен Түннің теңесуінен емес, ескіше айдың басында бастап кеткен, оны «әптікей» аталатын құстың келуімен байланыстырған. Бұнысы – наурызек яғни жыл құсы. Лингвистикалық «Амал» Амал жұлдызы әлемге ертеден мәлім болған. Птолемейдің «Альмагест» еңбегінде бұл жұлдыз шоқжұлдызға енбегендердің қатарынан аталады. Амал - сонымен бірге жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «Тоқтының екінші мүйізі» аталған. «Амал» - жұлдыздық күнтізбеге қатысты рәсім және ол Наурыз мейрамының ажырамас бөлігіне ертеден-ақ айналған. Бірақ «амал» немесе «көрісу» мерекенің атауы ретінде этнографияда қалыптасқан емес. Бұл сөздер атау ретінде Наурыз мерекесінің күнтізбесі 1988 жылдан бастап ауысып, 21-22 наурызға ығысқаннан бастап өзекті бола бастады. Наурызды 14-нен бастап мерекелеу дәстүрге айналған жергілікті жұрт Наурыз мейрамы датасын өзгерткесін, амалсыз «Амалды» алға тартты. Тіпті «наурыз» парсыша, «амал» қазақша мереке атауы деген жасанды пайым пайда болды. Алайда, осы «амалды» мерекелейтін өңірде «амалкөже» емес «наурызкөже» аталатын мерекелік тағам бар екені ескерілмейді. Ресей қазақтары «қамал», біздің елде «амал» дегенмен, бұл арапша жазбаларда «һамале», парсыда «хамал/гамал» түрінде кезігеді. Бұны қазбалайтын болсақ, этимологиясы дейтүркілік һа/қа+мал сөз тіркесінен туған «қамал» сөзін індетеміз. Қа – маңдай, мал – қозы, тоқты. Бұрынғы Қыпшақияда ұсақ малды, нәрсені «мал» атағаны кеше еді, содан орыс тілінде «малый/ая», «маленький» сөздері, ал қазақ тілінде «малта» сөзі бар. Ал «қа» сөзі «маңдай» екенін тіліміздегі қа+ыс/қас – маңдайдағы күйе, қа+бақ/қабақ – маңдайды күзетуші деген этимологиясы бүгінде бұлдыр сөздер дәйектеп тұр. Тіпті, хандардың ханы да ҚА+ҚАН/қаған аталды: «маңдай хан» немесе «хандардың ханы», «төбе хан» деген ұғымды беретін осы сөз қалыптасты. Дешті қыпшақтың басты билік ошағы саналатын Кавказ, Еділ-Жайық маңында Амалдың «қамал» аталуы осыдан. Сайып келгенде, амал/қамал ұғымдары ежелгі астрономиялық танымнан еді. Тоқты шоқжұлдызының бас жағына таман орналасқан жұлдыз атауы болатын. Бұл таным кешегі кеңестік дәуірлен кейін бұрмаланды, басқаша интерпретацияға ұшырады. Әдебиеттегі «Амал» «Амал» шарасының Наурызға қатысын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен Амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде (С.Е. аудармасы) былайша суреттейді: Ғаламның Күні кезіктіріп Тоқтыдағы Қамалды, Қар мен мұзды ерітіп, аласапыран басталды. Аяз бенен қарға бөккен ел еді... Қарашы енді: Күн келеді, Күн келеді!
Солнце мира вступило в созвездие Овна – в Хамаль, Растопила и льды и снега. И бывала зима ль? Солнце,солнце идет! Абай атамыз өзінің әйгілі «Жазғытұры» өлеңінде Амалды Көктем күйінде бейнелеген: Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі. Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойыны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып. Тарихтағы «Амал» Тарихи жазбаларды еске алсақ, Амалға қатысты алдымыздан молынан деректер жолығады. Шәкәрімұлы Ақат өзінің Наурыз туралы естелігінде былай дейді: «Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март (14-март – ескіше 1-март), қазақша жаңа жыл, ұлыстың (бұл «ұлы іс» тіркесі – С.Е.) ұлы күні дейді...» Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 8 күндік Наурыз мерекесіне куә болады. Бұл турасында Мәжһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ былай жазады: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен.» Ғұрыптағы «Амал» Көрісу – қазақтың қуаныш пен қайғыдағы ниет біріктіру ырымы, ғұрпы; адамдардың бір бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі. Алайда, Наурыздағы көрісудің тұрпаты да, мазмұны да басқа. Қайғыда құшақтасып жылау да «көрісу» аталады. Наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттеп, «көріседі». Қазақтардың наурыздық көрісу дәстүрінің астрономиялық мәні осында жатыр. Өйткені, дәстүрдің түбінде мифологиялық негіз болады да, халық соны дәстүр етіп сіңіріп, оны әдеп пен тәрбие көзі етеді. Сондықтан Көрісу салтының негізі аспандық үдерісте болса, екінші жағы далалық өмір үлгісінен туындайды.
ХІҮ ғасырдың басында Әбілқайыр ханның ордасына келген ағылшынның суретшісі Джон Кестельдің салған суреттері арасында Көрісу ғұрпы көрініс тапқан: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен әйел қос қолын бүгілген тізеге салып сәлем етуде. Көрісу жоралғысы ұлы Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде де көрініс тапқан: ...Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып... Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы бір біріне құшақтарын жайған құдыреттердің сұлбасына қарағанда оны да көрісу ғұрпының ежелгі нұсқасы ретінде мойындауға тура келеді. Ендеше бұл ғұрып қазақы қыстан шығудың қарапайым сәлемдесу дәстүрі емес, ритуалдық сипаты барын аңғартады. Табиғаттағы «Амал» Наурыз-Амал-Көктем үштігі бір бірінен ажырамас тұтас ұғым екенін ескерсек, оның қазақ аңдаған табиғи нышандары бар. Ол нышандар өсімдік, аң-құс, жәндіктердің қылығымен тығыз байланыста. ЖЫЛ ГҮЛІ. Қазақтың аңдауы бойынша Наурыз айдың 21-22 күндерін күтіп тұрмайды, 90 күн тоң кететін айдың басын күтеді. Сол жібу басталар сәтте-ақ, бәйшешек гүл шешек ата бастайды. Бұны бертін келе «наурызгүл» атаған, ал ежелгі «бәйшешек» атауы ежелгі наурыздық ұлы салтанатпен, «бай,бақ» ұғымдарымен байланыстыра атағаны көрініп тұр. Яғни, гүл атауында адамға келетін бақтың нышаны жасырылған. Бәйшешек- Жылтоқсанның белгісі. Жансыз нышанның бірі - Наурызгүл, оны халық Бәйшешек атайды. «Бай» сөзі ежелгі түркілік ұғымда киелі,қасиетті ұғымын беретінін ескерсек, далалықтар көктем белгісіндей бұл гүлді ерекше бағалаған секілді. Бәйшешектің құдыреті сонда, ол қардың еруін күтпей, қарды тесіп көктей бастайды. Бұл гүлді жапондардың сакурасындай әспеттеп, дәріптеуге лайық!
ЖЫЛ ҚҰСЫ. Наурыз айы «наурызек», «наурызша», «әптиек» аталып кеткен көкала торғайдың келуімен Табиғатта хабарланады. Наурызек - Көктем хабаршысы. Жыл құсы - осы!
ЖЫЛ ЖӘНДІГІ. Белгілі фольклортанушы Берік Жүсіп фейсбуктегі өз блогында «Бәріңізге белгілі, жыл басы – тышқан. Ежелден халық арасында: «Тышқан қалай жыл басы болды?» дейтін ертегілер тараған... Алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, інінің іші мен аузын бір тазалап қояды. Содан соң бір-бірімен кісі сияқты кәдімгідей көріседі (Бұған таң қалмаңыз. Суыр деген аңның түрі бар. Олардың "Суырдың қыз ұзатуы" деген рәсімі болатынын аңшылар жақсы біледі). Мұнысы жыл басында айналасын тазартып, кір-қоңын жуып, киімін жаңалап киетін далалықтардың тіршілігіне қатты ұқсайды. Осы мақұлықтың жылдағы әдетінен бір танбайтынын білетін және үнемі бақылап жүретін біздің жақтың әулие шалдары осы күнді «Жыл басы» дейтін.»
Осы бір жарқын мәлімет Табиғат оянысының әдемі үлгісін алдымызға тосып отыр. Осыған қарап, Наурыздың тағы бір нышаны – балпақ тышқан екенін ескеруге мәжбүрміз. Қорыта айтсақ, Күн мен Түннің теңесуі бар да, мүшелдік жылдың басы бар, соңғысы күндік күнтізбеге негізделген Юлиан бойынша 1 наурыз, Григориан күнтізбесі бойынша – 14 наурыз. Бұл мүшелдік құбылыс пен астрономиялық құбылыс бір бірімен қабысып, бірігіп кеткен. Енді оның танымын ажыратқанмен, біртұтас құндылық ретінде қарауымыз керек. Бұл - Жылбасы.

вторник, 21 января 2020 г.

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ «ЖЕТІ АТА» ҚҰРЫЛЫМЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӨНІНДЕ ҰСЫНЫС-ҮНДЕУ


ҚҰРМЕТТІ, АҒАЙЫНДАР! МЫНАДАЙ БАСТАМА ШЫҒЫП ЖАТЫР, ҚОЛДАУЛАРЫҢЫЗДЫ, АТСАЛЫСУЛАРЫҢЫЗДЫ КҮТЕМІЗ. БӘРІҢІЗ ДЕ АҚСАҚАЛДЫҚ ЖАСҚА КЕЛДІҢІЗДЕР, КЕЛМЕГЕНДЕРІҢІЗ СОНЫҢ ЖОЛЫНДАСЫЗДАР. БҰЛ ЖОБА - АЛАШТЫ РУХАНИ АЗАТ ЕТУ ЖОБАСЫ. Бұған түрлі көзқарас болатыны рас, бірақ өткен ғасырды қайтару емес, заманға сәйкесетін жағын алып сіңіру қолдан келеді. Қамқоршылар алқасын жер жерден құрып жатырмыз. Бәрінің жөні мен жосығы әлде де нақты жазылады, айтылады. Әзірге қолдаушыларды анықтаудамыз. Бұған тек қана еркеккіндіктілер емес, ене болып отырған ақжаулықтылар мен келін жұмсаған жеңгелер, қазақ қоғамына жанашыр кез келген тұлғаның қосылғанын қалаймыз.
АРМЫСЫЗДАР, ХАЛАЙЫҚ! Біздің ғылым да, қоғам да бұған дейін «жеті ата» турасында, оның қадыр-қасиеті мен мазмұны қақында талай әңгімені қозғап келді. Енді бұл тақырыпты қазақ қоғамының аса бір түйткілді әлеуметтік, отбасылық, әулеттік, бабалық деңгейіндегі мәселелерді шешуге түрткі ретінде танып, ұлт болып әрекеттенуге қажет жобаны ұсынбақпыз. Бүгінде қайбір ұлт та жаһандану үрдісіне ұшырап, ұлттық келбеті мен қадыр-қасиетіне нұқсан келуде. Сол жағдай бізге де таяды: қариялар мен кейуаналар қарттар үйін жағалай бастады, немерелер ата-әжемен өгей тілде сөйлеседі, ұл үйленуге, қыз тұрмысқа шығуға асықпайды,тіпті мыңдаған ұрпағымыз тізесін құшақтаумен өмірден өтуге көндіккен бойы ғұмыр кеше бастады. Ата мен әже бүгінде әулет тәрбиесінің көзі емес, немерелердің әлдишісіне айналды. Халқымыз бұның бәрін өзінің өмір салтына киелі тәрбие түрінде сіңіріп, ың-шыңсыз шешіп келген еді. Біз егемен ел болғалы сол қалпымызға қайта қарауға мұршамыз болмай, біршама уақыт текке өтіп, бүгінгі уақытқа төтеп пен жауап беретін салауатты салтымызға самарқау қарап келдік. Жетіаталық Бабалық құрылымды қалпына келтіру жобасын әзірлеу барысында біршама жайттар ғылыми тұрғыдан зерделенді, зерттелді. Осылайша, Жеті ата құрылымын қалпына келтірумен біз ата-ене, абысын-жеңге қатынастарын сыналап жаңғырту арқылы қоғамды дендеген біршама дерттен айығуға мұршамыз бар екеніне көз жетті. Бабалық институт деп отырғанымыз - одүниелік болған шалдардың тізімін балдарға жаттату емес, көпті көрген ер азамат пен талай ұрпақты дүниеге келтіріп, келін түсіріп, қыз ұзатқан аналардың қоғамдағы, туысқандар ортасындағы орны мен абыройын айқындау және оны ұлы рухани әлеует ретінде іске қосу. Ұлтымыздың рухани ағзасын құрайтын нағыз жасуша осы Бабалар құрылымы екенін ұмытыппыз. Енді соны ел болып, жұрт болып, ұлт болып, мемлекет болып қалпына келтіріп, адамзатқа үлгі көрсетуіміз қажет. Бүгінгі адамдық мұрсатты аяқ-асты еткен заманға төтеп беретін бірден бір азаматтық құрылым қазақтың осы институты екенін әуелі өзіміз сезінуіміз қажет. Ұлтты рухани апаттан құтқарудың бір тетігі әулеттік-туыстық деңгейдегі ЖЕТІ АТА бірлестігі. Әрбір жанұя өзінің тегі мен туыстығын бір бабадан таратып, ұжымдаса келіп, әлеуметтік-рухани мәселені бірлесіп шешуге жұмылса ғана, түйткіл мен тұйыққа тірелген бүгінгі әулеттік-әлеуметтік мәселеміз шешімін табар еді. Әрине ХХІ ғасырдағы қазақты, халқымыздың ұлттық танымы мен дәстүрінің мәйегі бұзылмаған бұрынғы дәуірге қайтара алмаймыз.Алайда, Бабалық институттың ру мен тайпаны әспеттеп, ұлтты жікке бөлетін кертартпа құрылымға айналуынан абай болған дұрыс. Кейбір рулық не тайпалық шовинизммен ауыруды доғарып, ол тақырыптың бәрін тарих пен тарихшыларға қалдырып, заман талабына сай келетін құрылыммен ғана алға басуымыз қажет. Саясаттың салтағынан ада бұл азаматтық бастама ұрпақтар мен буындар арасын жалғастыратын алтын арқау болуы тиіс! Жеті аталық құрылым қазаққа не береді? Ата буынды өз төріне қондырады, аға буынды біріктіреді, бала буынды жөнге салады; абысын-ажынның татулығын, ене мен келіннің бірлігін, бауырлардың ынтымағын арттырады; сарсаңға түскен салтымыз бен дәстүрімізді қалпына келтіреді.Әлсіреген әлеуметтік ахуалды бірігіп шешуге жұмылдырады. Ұрымдағы ұл мен Қырымдағы қыздың байланысын күшейтеді, туған жерді түлетуге алаңдатады! Қазіргі кезде нақты жоспар жасалып, тұжырымдама әзірленуде. Бабалық құрылымның кодексі жасалмақ. Бұл құрылым арқылы қазақ отбасының қашқан құтын қайтарып, берекесін келтіру басты нәтиже, сонымен бірге ұрпақтың жаны мен қан тазалығын қамтамасыз ету де осы ұлттық ұяның ұлағаты болмақ. Ұлт пен ұрпақтың болашағына алаңдайтын әрбір азамат, әрбір ана осы аяулы да ауыр міндеттің қамқоршысы болуын қалаймыз. Тәңір жарылқап, Алла қаласа, бұл құрылымды біртұтас ізгі азаматтық қозғалысқа айналдыру игі міндетіміз болмақ. Сіздерден қолдау күтеміз. «Жеті ата» жобасының алқасы 7atababalyq@gmail.com

пятница, 17 января 2020 г.

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ ҚАРАЛСЫН! ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.К.ТОҚАЕВҚА АШЫҚ ХАТ


ҚҰРМЕТТІ, ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ! Қазақ халқында Ұлыстың ұлы күні саналатын әрі жылдың жаңаруымен тығыз байланысты Наурыз мейрамы әлі күнге өзінің мерекелеу келбетін орнықтырған жоқ. Наурыз мейрамының аталып өту деңгейі ойдағыдай емес: орныққан атрибуттары жоқ, бар болғаны этнографиялық еске алу күніне айналып кетті. Бұл мерекенің өтілуі турасында қоғамдық пікір жағымсыз қалыптасып отыр. Мәдениеттанушы ретінде бұл тақырыпты қаузағаныма 10 жылдан асты. «Нау мен ырыс» зерделеу еңбегім жарыққа шықты, «Наурыз мейрамын жаңаша өткізу тұжырымдамасы» дәйектелді, оның бергі жағында аталмыш ұлық мерекені жан-жақты зерттеп, ақыры «Наурыз-фест» жобасы әзірленді, сынақтан өтті. Бұл жоба алғаш рет 2013 жылы Шымкент қаласында 9 күн бойы мерекеленді. Шымкентте сол жылы арнайы Наурыз алаңы дүниеге келіп, 2015 жылы елбасы Н.Назарбаев Наурыз салтанатына қатысып куә болумен бірге, төл мейрамды 9 күн бойы мерекелеуді қолдады. Бірақ орталық билік тарапынан бастама жалғасын таппады.
Өкінішке орай, бұл бастама өңірлік деңгейлерде әрбір әкімнің түрліше қолдауымен әр түрлі сипат алып, бүкілхалықтық ауқымда ортақ келбетке ие бола алмай-ақ қойды. Наурыздың бүгінде барлық деңгейдегі атрибуттары мен дәстүрлерін қалпына келтірдік, жыл сайын насихаттаумен келеміз. Бірақ ресми түрде мемлекеттік сипат пен мазмұнға 30 жыл өтсе де ие болмай келеді. Осыларды ескере келіп, Сізге Наурыз мерекесін биылғы 2020 жылдан бастап 14-22 наурыз аралығында елдік ауқымда фестиваль түрінде атап өтуді ұсынамын. Бұған ғылыми деректер мен дәйектер жеткілікті. Қазақтың онекіжылдық мүшелі 14 наурыздан басталады. Тіпті, Иранда да, Наурыз мейрамы 14 наурыздан бастап мерекеленеді. Ал біздің этнографиямызда 14 наурыздан бастап жұртшылық бір бірімен көрісіп, «Ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа!» деген тілекпен мерекені бастайды. Осыған байланысты 23 наурыздағы ешбір негізделмеген мереке күнін 14 наурызға ығыстыруды ұсынамын. 14 наурыз «Наурызбасы күні» болып аталғаны мақұл. Сізден өтінерім, Наурыз мерекесін лайықты мемлекеттік мейрам деңгейіне көтеруге ұлттық әрі мемлекеттік мәртебелі шара ретінде қарауды сұраймын. Құрметпен: Серік Әбдірешұлы Ерғали, мәдениеттанушы, «Наурыз мейрамын жаңаша өткізу тұжырымдамасының» авторы.

ӘЛІПБИДЕГІ Ә-НІҢ ӘЛЕГІ


Қызыл империя кезіндегі «пайғамбарымыз» Лениннің «Коммунизмдегі «солшылдықтың» балалық ауруы» деген еңбегін оқып талдап жататынбыз. 30 жылдан бері Тіл біліміндегі «солшылдықтың» балалық ауруы қалмайтын болды. Бәрін де даңғырамен шешкіміз келеді. Әсіресе соңғы 3-4 жылдан бері әліпбидегі «балалық ауру» балақтан алып титықтататын түрі бар. Айтқымыз келіп отырғаны бірнеше ғасырда бір алмасатын әліпбиді совет өкіметін былай қойғанда соңғы 2 жылға жетер-жетпесте 3 рет ауыстыруға мәжбүр болдық. Қабылданған нұсқа әлі де жарамай жатыр. Бар себеп – мәселені мамандардан алшақтатып, әркімнің ермегі еткен саясатта болып отыр. Тіпті, соңғы бекітілген кекілді әріптерден тұратын әліпби жобасын кім жасағаны беймәлім, авторы да жоқ. Сонда мемлекеттік һәм халықтық іске көлденең көк аттылар келіп кірісе беретін берекетсіз елге айналдық па!? 30 жылдан бері өрге басудың орнына, көрге басқан шешімдерді кімдер тыққыштап келді? Әуелі қостілділік он жылды ойқастады, одан кейін тағы да он жыл үштілділікпен үшкірді... Әзір тұрған арнайы кәсіптер мен маман иелерін мемлекеттік тілде іс атқаруға міндеттейтін шешімді соңғы он жыл бойы неше түрлі сылтаумен созбақтатып келгені былай қалып, енді сын көтермейтін әліпби нұсқасын бір емес бірнеше рет бекіттірді... Кейбір ата-аналар болса, сасқанынан орыс мектепке баласын алып қашуда.
Біздің айтқымыз келгені - әліпбиді ауыстырудың қатесі емес, қате әліпбиге ауыстыру мәселесі. Талай мамандар мен ғалымдардың сынағы мен дауында піскен пікір мен көзқарас, пайымдар айдалада қалып, әлдекімдердің кимелеп, жалған әліпбиді әпербақан әдіспен тықпалауы тілдің обалына қалатын шешімдерге ұластыратын түрі бар. Сол себепті есті жинап, сан соқтыратын саботажға жол бермеу керек! Өз басым Әліпбиді қолдап, сонау 2007 жылы-ақ тұжырымдама жасағанмын. Ақыры соңғы әліпбилердің сыйқына қарап, тіпті латыншаға ауыстырудан бас тартуға мәжбүр болғандардың қатарынан бір шықтым. Артық қылам деп тыртық қылатындардың ішінде болудан бас тарттық. Бұл дүрбелеңді ҚР президенті Қ. Тоқаевтың «тілге реформа керектігін» жария еткен уәжі үміт отын үрлеп отыр, сабырлы іске бастар деген оймен тақырыпқа қайта оралып отырмыз. Бірақ қырын кеткен шешімдерді түзету керек, шикі мен олқыға жол берілмегені жөн.
Бізден бұрын көшкен туыс елдерден қатені емес, дұрысын ала білу керек. Мысалы, Әзербайжан елі [Ә] дыбысына тән әріпті өзгертуден бас тартып Ә әрпін сол күйі қалдырды. Одан әзірбайжан әліпбиі латынсыраған жоқ. Қалыптасып, ондаған жылдары бойы бірнеше ұрпақтың санасына сіңген қаріп бейнесі психологиялық жағдайда басқа қаріпті қабылдауға мейлінше қарсы әрі өгей графеманы жатырқайтыны мәлім. Санаға сіңген қаріп-бейнемен салыстырады да отырады. Осы жағынан алғанда, Ә мен Á әріптерін салыстырсақ, жуан А дыбысына ұқсас әріпті [Ә] дыбысының таңбасы ретінде қабылдау қазақтілді адамның өзіне ауыр, әріп бұралқы әрі ерсі көрінеді. Егер де бұрынғымен салыстыруға желеу берілсе, онда жаңа әліпби ауыр қабылданады. Ал орыстілді, шалатілді ортаны алсақ, (бүгінгі қазақтілді мектептердің жартысына жуығы шалатілді екенін ескеріңіз) Ә дыбысын зорға дыбыстап жүргенде мынау тілегенге сұраған болып, Á әрпі [А] дыбысына айналып дыбысталып шыға келеді. Соңғы нұсқаны тықпалап бекіттіргендер бұны жақсы біліп, қазақы дыбыстардан ажыратуды жымысқы жолмен қолға алғаны байқалады.
Тұрсынбектің «Әзіл әлемі» көрсетімінің атауын жаңа әліпбимен «Азыл Алемі» деп оқи салу әлдеқайда оңай. Санаға салмақ түсіріп «Әзіл әлемі» түрінде оқығың келгенмен жүйке оңай әрі үйреншікті әріп бейнесін қабылдай салады, ежіктеп соңынан түзетіп жатқаның. Бұндай азап кімге керек?! Құдды әліпби әлемі мен «Әзіл әлемі» бәсекеге түскендей. Әзербайжан ағайындар да Ә-нің әлегін әбден бастан кешіп барып, оны сол күйінде қалдырды. Өйткені, бұл тілдегі шешуші Ә дыбысының бар болмысын сақтап, басқамен ауыстыруға келмейтіндей қалыптасқан әріп. Тілдегі дауысты дыбыстарға абай болған абзал, олар сингармо құбылысын жасақтаушы бірден бір шешуші дыбыстар болып табылады, Сол себепті, бұл жағдай [Ө] дыбысына да қатысты. Ол да Ә-мен тағдырлас. Бұл әріптерді ауыстырып керек емес! Бұл әріптер Юникод таңбалар жыймасында техникалық жағынан да әзір тұр, ал да қолдана бер. Оған қарап әліпби латынсырамайды.
Ұзын сөздің қысқасы, тілдегі «балалық аурудан» құтылып, мәселені шешуге ересек сана мен шешімталдық керек. Серік Ерғали, педагогика ғылымдарының магистрі

четверг, 2 января 2020 г.

«БЕШБАРМАК»: АС ПЕН АСАМЫҚ


С.Ә.ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы Қазақы тағамдар да басқа этноқұндылық секілді бүгінде ерекше назарға ілігуде. Бұл аса қарбалас жүріп жатқан жаһандану дәуірінде таң қалдырмайтын үдеріс. Алайда, осындай қауырт та ұрымтал дәуірде әлемдік мәдени кеңістікте ұлттық құндылықты сақтау мен тарату мәселесі елдік ауқымдағы түйткілге айналып отырғандығы да рас. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «КазБренд» қоғамдық қоры Астана қаласындағы «Ханшатырда» қазақы еттен жаппай дәм тату шарасын өткізіп қайран қалдырды. Бұл шара өзінің ауқымына қарай Гинестің рекордтар кітабына да тіркелді. Алайда, ұлттың ұлық асы «бешбармақ» атауымен жазылды.
Кең таралған көзқарас пен пікір мынадай: «бешбармак» түркі тілдерінен аударғанда «бес саусақ» ұғымын береді — көшпелі түркілер тамақ тұтынуға қолданатын саймандары болмағандықтан, етті де қолмен жеген. Бұл пайымда әбден таптаурын болған көшпелі мәдениетті кемсіту көзқарасы бар. Әрине, бұл аттылы мәдениетті кемсітуге бағытталған идеологияның ұшы болса да, көп жағдайда сіңісті тұжырымға айналуда. Алайда олар сонау Сібірден Үнді мұхитына дейінгі апайтөс кеңісті жайлаған бүкіл Азия халқы қою тамақты қолмен жейтінін ескере қояр ма екен? Ал сұйықты күміс ыдыспен ішіп, қоюды ағаш ыдысқа салған аттылы әлем неге мән берді екен? деген сауалға тереңірек көз жіберетін кез келді. Астың тарихи үш сатысы Қазақша ет тағамының мойындалуы мен әйгіленуі қазақ жеріне орыстардың сыналай келіп, олардың қазақ тұрмысына кіріге бастауымен тығыз байланыста. Жалпы алғанда, айтулы бұл тағамның түркілерде, дәлірегі қыпшақтарда тек қана татар мен башқұрт, қырғыз бен ноғай, қарақалпақ пен қазақта қалыптасқан және де мынадай үш сатыдан тұратын тарихи түзілімінің болғандығы аңғарылады. 1-саты. Астың құрмалдық мазмұны. Әуелгі саты – еттің ежелгі құрбандық жоралғысының атрибуты ретінде мыңдаған жылдар бойына тұтыныста болғандығы. Бұған мүшеленіп, суға пісірілетін еттің он екі жілікке (болмаса тоғыз не жеті мүшеге) жіктеліп тартылатынын басты дәйек көреміз. Жалпы, онекілік бұл көзқарас ежелгі ілімге негізделген түркілердің ғарыштық құрылымды он екіге жіктеуден туындаған танымында жатыр. Он екі мүшел, он екі тайпа (он екі саққа жүгірту) секілді ондаған ғасыр бойына бұзылмай келе жатқан жіктеу Уақыт пен Кеңісті адамзаттың ежелгі ерте танымына айналдырған түркілер бұл асты рухани мұра ретінде алып келе жатыр. Бұлайша он екіге жіктелу малдың он екі жілігінің болғандығынан емес, мәселе - бабатүркілердің онекімүшелдік Уақыт пен он екі шоқжұлдыздық ғарыштық Кеңіс құрылымын негіз етуіне қатысты берілетін құрбандықта. Түркітектілер әубаста ғаламды Жаратушының жаратындысы ретінде қабылдап, соған тәу етті, бағынды, сыйынды. Өйткені, оның артында Ұлы Жаратушы тұрғанын бұған дейінгі ілім мен таным арқылы көз жеткізген бабалар дәуірі тұрды. Солар құрбандық жасау жоралғысын қалыптастырды.
Соғым сою дәстүріне қатысты «Жіліктеме» шарасы да осы талаптан туындаған ғұрыптың бір көрінісі болып табылады. Соғымды 12 жілікке бөліп тарату салтында ежелгі аттылар танымының аспандағы 12 шоқжұлдызға қарай өз мемлекетін 12 «саққа жүгіртіп», хандық атынан жасалған құрмалдық малды 12 мүшемен сыбаға тарату жоралғысы болды деген топшымыз бар. Атты мәдениеттің Аспан әлемін бір хандық деп елестеткенін ескерсек, ондағы әрбір шоқжұлдыз бір тайпа-ел болмақ, демек, Көкке бағышталған құрмалдық әрбір шоқжұлдыз-елді қамтуы тиіс болған. Былай қарағанда тұтастық 12-ге жіктеліп тұр, оған сәйкес құрбан малдың да соған сәйкес 12 мүшеге бөлініп таратылуы рәсімделген. Бүгінгі исламдық құрмалдық та үшке бөлінетінін ескерейік: бір бөлігін құрбандық беруші жанұясымен тұтынады, енді бір бөлігін кедей-кепшікке берсе, үшінші бөлігін қонаққа, бұрынғыша Көктен келетін Қыдырға сыйлайды. Бұрынғы таным заманға сәйкестенгені болмаса, бәрібір сол қалпы атқарылуда. Құрбандық асы дегенде ежелгі танымға сәйкес Ай мен Күнге арналып сәйкес түрде сиыр мен жылқы құрмалдық етілгенін де аңғарғанымыз жөн. Ай мүйізді делінетін сиыр малы Айға лайық та, күн сәулесіндей жалы төгілген жылқы Күнге лайық құрбан етілген. Үнділер танымында ежелгі Күнге деген жылқы құрмалдығы «Ашвамедха» аталған күйінде сақталып қалды.
Оңтұс-батыс елдері сиырға үйір де,тіпті батыс өркениетінің ежелгі ошағы болған үнді-ирандық Үндістан сиырға табынып та кетті. Ал күншығысты бойлаған аттылар жылқыдан бар бақытын көруге құмар болды. Осылайша адамзатта сиыр Айдың, жылқы Күннің нышаны болып қалыптасты. Осыдан келіп Күнді дәріптейтін атты свастика/айқас жәдігерлер пайда болды. Сиыр құрбандығына үйір елдер отырықтанды да, жылқы құрмалдығы аттылар мәдениетіне негіз салды. Бұған Ботай мәдениетін ескерсек, кемі - 6000 жыл.
Бір қызығы, үнді-ирандық мәдени ошақтан шыққан халықтар жылқыны жемейді де, ал атты халықтар сиырға әуес емес. Қазақтар соңғы совет дәуірін ескермегенде, сиырды төрт түлікке де жатқызбаған.
Тәңірлік рухани сұраныс жоралғы сипаты ретінде осылай түзілгенмен, тағам ретінде қалыптасып үлгеру үшін келесі сатылар қажет болатын. 2-саты. Астың дәстүрлену сатысы. Келесі сатылық алғышарт – түркілік (қазақы) культтік сипаты бар құрбандық жоралғысы, енді дәстүр жоралғысы ретінде түзілуді қамтыды: мүшеленіп пісірілген еттің бұрынғыдай, Көктегі құдыреттерге құрбандық ретінде емес, жердегі қадыр тұтарлық тұлғаларға арналуы, яғни ежелгі түркілік таным бойынша Көктің жіберген Қыдыр періштесі ретінде Қонаққа, абыздық қасиет тұтушылары (носитель) есебінде Ақсақалдарға, Көк-Тәңірдің себеп-салдар заңынан туындайтын құда-жекжаттық салтанаттарда тартылуы жайыла бастады. Бұл кезең, сірә исламдық
идеологияның Далаға орныға бастауына дейін аман-есен жетіп қоймай, қазақтардың исламдану дәуірінде де өз маңызы мен мәнін жоймады. Бұл саты енді өзінің құрмалдық жоралғы мазмұнын дәстүрлік мазмұнмен ауыстырды. Енді әрбір сойылатын мал бұрынғыдай Көкке емес, қонаққа, ақсақалға, сыйлы тұлғаға ғана арналғанымен, бұл дәстүр бұрынғы танымның жұрнағы болатын: көп жағдайда, әсіресе, шеке, бас асылғанда әлі күнге дейін Жоғарғы әлемге арналып исламдық дұға оқылып, бет сыйпалады. Бұл – аталмыш жоралғының басқа идеологиялық талапқа бейімделіп, жаңа рухани мазмұнға айналу көрінісі. 3-саты. Этнологиялық мазмұн. Соңғы саты қазақ ұлтының этнос ретінде өзін әйгілеуі мен айқындауы үшін әрі бекітуіне қажетті этнофактордың бірі ретінде қалыптасуына арналды. Бұл кезде аталған рәсімдер мен жоралғылар орындалып қоймай, бұрынғы құрбандық атрибуты енді ұлттық тағам сипатына көшті. Өйткені, бұл дәуір бұған дейінгі ежелгі идеологиялық құндылықтардың бірте-бірте этнологиялық құндылықтарға айнала қалыптасқан кезеңі еді. Қазақ халқының этнологиялық түзілу кезеңінде табақ тартудың 50-ден аса үлгісі қалыптасты. Жоғарыдағы ұқтырымдарды қорыта келе, «қазақы ет» тағам ретінде жуырда ғана түзіліп отыр, бұған дейін ол аталмыш жоралғылардың атрибуты ретінде басты маңызға ие болғандықтан, өз алдына арнайы атауы болмай келді. ХІХ ғасырда тарихта қалған Сағынайдың асы – ежелгі құрмалдық жоралғысының соңы мен қазақы этнологиялық құндылыққа айналуының басы болатын. Өйткені, бұл ас ежелгі ритуалдардан жұрдай болғанмен, мазмұны қазақы этнографияға толы сайрандық сипатта өткен шара еді.
Астың тарихи көрінісіне бірден бір дерек археологиялық мұралар. Ас беру рәсімі әубастан аттылар дәстүрінде мифологиялық «аспан еліне», Көкке құрбан шалу мен қастерлеу шарасымен мәнді болатын. Көктегі ел - Асман/Аспан аталды. Аспандық қорек те «ас»/«аш» аталды. Осыдан келіп құрбандық жоралғы «ас беру» делінді. Сол себепті де Көкке табынған атты әлем одүниелік мәртебелі жандарды барлық құрметімен шығарып салудың бір үлгісі ретінде арнайы ағаш астауға барлық сыбағасын салып тұрып жерледі. Осындай сыбаға бұзылмаған күйі талай үйіктерден табылуда. Белгілі археологтар былай деп жазды: «У ранних кочевников Алтая часто находят деревянные блюда с кусками мяса (З.Самашев). Заметим, что на этом могильнике Каракаба в 2012 г. нами раскопан курган (относящийся к завершающей стадии в эпоху ранних кочевников), в котором возле головы умершего находился керамический котел с бараниной, отдельно лежали голова и ребра этого животного. Известно, что обычай распределения кусков мяса сохранился в традиционной культуре казахов с древнейших времен (Ильминский, 1861). Сонымен, бұл жәдігер біз атаған үш сатыны да көктей өтіп, бүгінге жетіп отыр және бұл археологиялық олжада үш сатыға тән мазмұнның сақталғандығы бәрінен бұрын маңызды. Қазақша ет тағамы халықтың этнологиялық қалыбының көрінісі ретінде «жетімүшелік» ұғымның ажырамас көрінісі болып қалыптасты. Астың жай ғана ет тағамы емес, толыққанды этнографиялық құндылық екендігін, оның мынадай жеті мүшеге жіктеліп, арнайы мазмұнмен жоралғылық мәнде тартылуы соның айқын айғағы: 1. ұсақ малдың басы немесе ірі малдың шекесі – тартылушыға бір бас биік болу тілегін білдіреді; 2. жамбас пен құйрық сыйлау – береке мен ырыстың,игілік пен байлықтың болу тілегі; 3. сүбелі қабырға – бірлік пен ынтымақ, бейбітшілік тілеу; 4. асық жілік – өмірдегі сәттілік пен саулықтың, жақсылықты тілегі;
5. беломыртқа немесе белдеме – өмірдің қиындығына төтеп беру мен төзім, күш-қайрат тілеу; 6. бауыр – туыстық, бауырластық пен достық тілегінің атрибуты; 7. жауырын – өмір мен жолдың кедергісіздігі мен сәттілігіне жолашар тілеу. Аттылар мәдениет мал етінің мүшелері белгілі бір инфо-энергетикалық сүйемелі бар материал екендігін сіңірген. Бұл кванттық-психологиялық деңгейдегі астарлы танымнан сіңген сенім еді. Сол себепті де осы саланың қасиетті 7 санына сәйкес жеті мүшеге бөліп табақ тарту этнографиялық киелі дәстүрге айналды. Жетіліктің өзектілігі адам бойындағы 7 чакрамен бірге қарастырылатын тақырып болса керек. Міне осы киелік танымды тәрк етпеу мақсатымен асқа қару жолатпаған, яғни қосалқы сайманмен емес, қолмен жеу ғана ас қуатын арттырады, киесін бұзбайды,қуаты мен құтын қашырмайды деген сенім жатыр. Тіпті күні кешеге дейін қазақ нанды қолмен үзіп жеген, пышақпен тілмеген. Астың мәні ХХ ғасырда өткен қазақтың саяси баскері Әлихан Бөкейхан өзінің «О киргизских поминках» атты мақаласында «ас – самая священная традиция казахского народа» деп бекер атап өтпеді. Ежелгі түркілік Ас беру дәстүрі өзінің басын сонау есте жоқ ескі заманнан алады. Алайда оның нақты археологиялық деректері әзірге сақ-ғұн дәуірін меңзеп отыр. Бұл тағам әубастағы құрмалдық жоралғысынан бастау алса, оның арғы мәні ежелгі танымға мәйек болған ұлы қос негіз – Көк пен Жердің дәріптелу үлгісінен хабар береді. Көк – аталық, Жер – аналық негіз.
Осы қоснегіздік тұжырым түркілердің барлық тағамына басты мазмұн сіңірді. Оның басында екі ұлы негізге сүйенетін идеологиялық тұжырым қалыптасты: ет қорегі Көкке бағытталған құрмалдық көрінісі болды да, нан қорегі Жерге қатысты өсіп-өркендеу ырысы деп қабылданды. Астық – Жерде өсетін өнім болса, Ас – Көкке арналған құрмалдық материалы. Көкте ие – Тәңір, Жерде ие – Ұмай ана. Осыдан келіп, құрмалдықтың екі түрі қатар жүрді, бірі – мал садақа, енді бірі – нан садақа. Мал садақадан «ас», нан садақадан «шелпек» тағамы туындады. Көптеген өңірлерде асқа қосатын жайма нанның орнына жерден өнген күріш те жүреді. Бұл әсіресе көп жиналатын той-садақада орын алады. Көрнекті ғалым С.И. Руденко ас беру дәстүріне мән бере, Пазырық үйіктері «ас беру» дәстүрінсіз пайда болуы мүмкін емес деген қорытындыға келген. Қос садақа Қазақы ет тағамының қалыптасуына бұрынғы екі түрлі құрбандық актысының тұтасуы болып табылады.Оның біреуі - аталмыш Мал құрбандығы болса, екіншісі – Нан құрбандығы. Нан құрбандығы түркілерде шелпек, күлше түрінде пісіріліп, жоғарғы әлемге дұғамен, жоралғымен бағышталып келді. Бүгінде жұма сайын шелпек пісіріп тарату мұсылман түркілерде қалыптасты.
Жалпы, шелпек пен тандыр нандар о баста Айдың құрметіне пісірілсе керек. Дөңгелек пішінді қамырды пісірудің ежелден келе жатқан екі дәстүрі болатын: біреуі тандыр пеште құрғақтай пісіру болса, екіншісі – малдың тоңмайына шыжғырып пісіру. Ал, соңғы ғасыр түркілерге қамырды суға пісіру технологиясын берді. Осыған орай, пеште тұншықтыра яғни тандыра пісіруден тандыр нан шықса, ыссы тасқа жұқа нанды қарып пісіру арқылы лабаш
қалыптасты, майға қуырудан шелпек нан туындады. «Лабаш» аталатын нанды бертін келе қыпшақтар сорпаға пісіріп қамыр нан шығарды да оны етке салып, «жайма» немесе «салма» нанды туғызды. «Лабаш» атауы түркілік сөз тіркесінен қалыптасқан: лап+аш. «Лап» сөзі жабу, бүркеу мағынасын береді. Бұл жұқалай пісіріп алып, оны буы бұрқыраған еттің бетін бүркеп беруден шықса керек. Сөйтіп, етті лабашты үзіп етке қосып жеу әдетке айналған. Бертін келе осы лабашты қыпшақтар бірден сорпаға салып пісіріп, жайма шығарып отыр. Ет пен нанның бірігуінен осылайша әубаста қос садақаның тұтасуы орын алған-ды.
Астың танымдық астары Аталмыш тағамды қарастыру арқылы біз бар болғаны түркілік ас дайындау үлгісін ғана емес, оның аталу тарихын да тереңірек қарастыруымыз керек. Сол себепті, барынша дәл де мазмұнын ашатындай астың атауы тілдік дәстүрдің басты мазмұны болып табылады. Ас беру жоралғысының «ас» аталған қасиетті ас-садақаға айналу барысын лексикалық қорды қарастыру арқылы оңай көз жеткіземіз. Бұл сөздің төркіні қайдан? Неліктен ас/аш түрінде қалыптасқан? Бұл мәселені тағы да сол есте жоқ ескі дәуірдегі ата-бабаның танымдық, сенімдік санасынан іздеген мақұл. Ендеше «ас» түбірінен 26 мәнді білдіретін сөздерге назар аударайық: Ас: 1) мәртебелі марқұмға берілетін кең ауқымды, одүниедегі оның мерейін асыру шарасы; 2) дастарқандағы басты да маңызды тамақ, қорек,ауқат; 3) іліп қой,асып қой, Көк пен Жердің арасына іліп қой; 4) тамақты, етті пісір. Аса: 1) ең; 2) асап же; Асаба – ас беру шарасында тамақ тарту үдерісін басқарушы кісі; Асам ет – алақан толы ет; Асар – Көкті қуантуға бағытталған адамдардың жұмыла жүріп жұмыс істеуі; Асат – алақанға ет салып ауызға толтырып асатып жегізу; Асату – қазақ дәстүрімен мәртебесі жоғары адамның алақанға ет толтырып жегізе сыйлауы; Асау: 1) тамақты асап жеу; ауызды толтыра жеу; 2) адам ұстап көрмеген жылқы, ежелгі заманда адамға үйретілмеген жылқыны Көктің малы деп ұқса керек; Аспан/асман – Көк; әруақтар әлемі, аспан елі, кеңістігі; Астабақ – ет салынатын арнайы ағаш табақ; Астау – ас тағамы салынатын сопақ ағаш ыдыс; Астық – нан пісірілетін дақыл қоры, сөзбе-сөз алғанда: асқа қосымша дәм; Асу: 1) асып қою, іліп қою; 2) асып өлтіру; 3) Жердің Аспанға қараған биік тұсы; 4) Асып түсу, асып өту, асып кету. Асық – Көкке лақтыра отырып, ойнау, әубаста бұл бақсылардың болжау сүйегі болған. Асыл – адамның не заттың ішіндегі ең қымбаты, қадырлысы; Асым ет – 3-4 адамға арналған ет көлемі; Ашамай: 1) Көк пен Жерді тұтастыру таңбасы - Х;
2) балаға арналған ер; Осы сөздіктегі «астық» сөзіне баса тоқталған жөн: бұл сөз де «ас» түбірінен жасалып, оның Көк ұғымы мен «ас» тағамына қатысты түзілгенін байқатып тұр; «ас» – құрмалдық еті болса, «астық» соған қосалқы наның рөлін меңзейді. Сөздің барлығы да жоғарыда айтылған қазақ танымы мен болмысына тән ас беру дәстүрінен туындаған ұғымдар мен түсініктерді ашатын лексикалық қор . Астан «асамық» шыққан дәуір Бүгінде «беш/бешбармак» аталып бара жатқан қазақтың аяулы да қасиетті тамағы әу баста неге «ас» аталды? Бұл тағам қандай дәуірлерден өтіп бізге «беш» күйіне түсті? Осыған тоқталайық.
Ас беру жоралғысының тарихы мен мазмұнына тоқталғанда үш сатыны қарастырдық. Соның алғашқы екі сатысы таза ас беру шарасының басты атрибуты есебінде құрмалдық еті болған еді. Аталмыш жоралғы дәстүрден ығысып,маңызы солғын тартқанда, оның атрибуты тағамға айнала бастағанда, бастапқы нансадақа мен малсадақа бірігіп кетіп, этноқұндылыққа айналды. Сөйтіп, теоқұндылық этноқұндылыққа жол берді. Ақырында ас беру шарасында тек қана өңкей берілетін малдың мүшелері, енді жайманан қосылып тағамға айналды. Осы кезеңде бұл тағамның атын қоюға теоидеология кедергі жасап, жай ғана «ет» делініп кетті. Бұған тағам есебінде тек қана сырткөз яғни, басқа халықтар «бешбармак» атауын таңып жіберді. Осы жерде біз «қазақша ет» тағамының екі нұсқасы бар екенін байқамай отырмыз: бір нұсқасы – ас, яғни бұл малдың мүшеге бөлініп туралмаған еттің табақпен тартылатын нұсқасы; екінші нұсқа – жайма нан немесе күріш салынып, оның үстіне туралған ет тартылатын нұсқасы. «Бешбармак» деп жүргеніміз осы, оны башқұрттар «салма» не «құлама» десе, ноғайлар - «турама», қарақалпақ – «торама» атайды. Алғашқысын «ас» десек, соңғысын «мық» жұрнағымен жасалатын неолог ретінде «асамық» деуге әбден болады. Өйткені, бұл тағам шынында да алақанға толтырып, бас бармақпен итеріп асауға арналған тағам!
«Асамық» тарихын «астан» алғанмен, негізінен ет пен «жайма» аталатын ысылған қамырды сорпаға пісіріп, оған бүгінде түрлі тұздықтар, көкөністер мен дәмдеуіштер қосылып, осылай этнотағам туындады. «Бешті» «асамық» атау турасында Совет дәуірінде бұл тағамның «қазақша ет» аталуы соған біртабан бүйрек бұру қадамы еді, өкінішке орай одан арыға тереңдеу үрдісі жүрмеді. Әрине, біз ұсынып отырған «асамық» жаңа сөзі дау тудырары хақ. Бірақ бұл неолог болғанмен, қазақ тіліне сіңісті заңдылықтан шыққан жаңа сөз: түбірі «ас», ал «мық» жұрнағы тіліміздегі талай сөзді тудырған орнықты жұрнақтардың бірі: была+мық, қыза+мық, қара+мық, жылы+мық... Бұл сөздер көбіне бірінші бөлігі бұйрық райлы етістікті немесе сын есім түріндегі түбірге – мық жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Біздің жағдайда «аса» етістігіне жалғанып тұр. Демек, бұл ешқандай жаңалық емес, жаңа сөз деуге де келмейді. Ешкімнің авторлығы қажет емес, қазақтың айтылмай келген өз сөзі. Жаңаша атауға бармауға болмайды, тіл мен танымды мазақ етерлік жасанды «бешбармак» сөзін калькалап «бесбармақ» түрінде атау тіпті де тілді өзіміз қорлау әрі асымызды өз еркімізбен мазақ ету. Әрине, жаңа сөзді құлақ жатырқайды, психология бірден қабылдамайды, алайда бір сөзді қайталай отырып, құлаққа зорлап сіңіретін эстрада әнінің сөзі болмаса да, көзіміз жетіп тұрған танымды қауымға осылайша таңуға әбден болады. Қасиетті басты асымызды өгей сөзбен атау, оның да авторлық құқығын басқаға телумен тең екенін ескерген жөн.